Мемлекеттік құрылыс

Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы унитарлы мемлекет. Қазақстан Тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы - Астана қаласы. Мемлекет басшысы – Назарбаев Нурсултан Абишевич.

Конституцияға сай, Қазақстан – үш тәуелсіз билік арнасы бар мемлекет: атқарушы билік, заң шығарушы және сот билігі.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыұлттық референдумында қабылданды. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

Мемлекеттік биліктің бірден бір қайнар көзі – халық.

Заң шығарушы орган Парламент болып табылады. Атқарушы билікті Үкімет, оның құрамында орталық орган (Министрлік, Агентство, Ведомство) және жергілікті орган (Әкімшілік) атқарады; соттар билігін мемлекеттік сот (Жоғарғы сот және жергілікті сот органдары) жүзеге асырады.

Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi - қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Мемлекеттік нышан-белгілер

Байрақ


Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік Байрағы – бұл тік төртбұрышты көгілдір түсті, ортасында 32 сәулесі бар шашыраған күн, оның үстінен қалықтаған дала қыраны бейнеленген  мата.  Байрақтың  тұтқасымен тұстас ұлттық өрнекті тік жолақ бар. Күн, сәуле, қыран және өрнек алтын түспен бейнеленген. 

Қазақстан байрағы, елтаңбасы және әнұранымен қатар, Қазақстан Республикасының ресми мемлекеттік нышан-белгісі боп саналады. Қазіргі қолданыста жүрген байрақ 1992 жылы қабылданды.

Байрақтың авторы — белгілі дизайнер және суретші, Қазақстан өнерінің еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Сол жағында ұлттық өрнегі, алтын күні мен қақ ортасында Қазақстан Республикасы бостандығының, тәуелсіздігінің және егемендігінің нышаны – қалықтаған қыран бейнеленген көгілдір байрақ. Оның тұтас бір түсті болуы – Қазақстан бірлігінің нышаны.

Елтаңба

                            

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы көгілдір аспан аясындағы шаңырақ бейнелі, жан-жаққа күн сәулесіндей тарап жатқан уығы бар, мифтік аңыздағы дүлділ аттардың қанатымен көмкерілген. Елтаңбаның төменгі жағында “Қазақстан” деген жазуы бар.

Елтаңбада екі түс – алтын және көгілдір көк түс  басым.

1992 жылдың 4 маусымы  — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының туған күні.

Еліміздің елтаңбасындағы шаңырақ — бұл Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық адамның ортақ үйінің бейнесі. Шаңырақтың беріктігі өз уықтарының мықтылығына байланысты болатыны сияқты, елдің бақыты онда тұратын әр адамның жайлы өміріне тәуелді.

Сыртқы түрі аспан күмбезіне ұқсас шаңырақ қазақтардың  тұрмыс-тірлігіндегі  ең кие тұтатын бір белгі іспетті.
Шаңырақ— туған үйдің, ал кеңірек ұғымда қарасақ, әлемнің, күллі ғаламның  нышан-белгісі. 

Егемен Қазақстанның қазіргі елтаңбасы екі танымал сәулетшінің: Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесі боп есептеледі. 
Мәрелі конкурсқа  болашақ елтаңбаның  245 жобасы мен 67 сипаттамасы келіп түсті.
 
Әнұран
Мәтін сөзінің авторлары: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әуен авторы: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Конституция

Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің негізгі заңы.  Қазіргі Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні бүкілхалықтық референдуммен қабылданды. Қазақстан Республикасы Конституциясының күні – бұл мемлекеттік мереке.

1-БАП

1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

2. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу


Мемлекет басшысы

Қазақстан Республикасының Президенті — жоғары лауазымды тұлға және мемлекеттің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы. Республика Президенті — халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Республика Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді. Оның өкілеттілігі Конституцияның арнаулы бөлімінде айқын белгіленген. Лауазым 1990 жылдың 24 сәуірінде тағайындалған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті   – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 

Президент 5 жылға сайланады. Жасы 40-тан асқан, кемінде 10 жыл республика аймағында тұрған және мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін үміткер сайлана алады. Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстанның  кәмелеттік жастағы азаматтары жалпыға ортақ, тең және тікелей сайлау құқы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы - «Ақ орда».  Астананың жаңа әкімшілік орталығы аумағында, Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. ҚР Президенті  Сарайының ресми тұсаукесер рәсімі 2004 жылдың 24 желтоқсанында болды.


Атқарушы билік

Үкімет атқарушы билікті жүзеге асырады. Үкімет басшысы – премьер-министр. Оның қоластында үш орынбасары бар. Кабинет 18 министрден тұрады. Үкімет атқарушы органдар жүйесін басқарады және солардың жұмысына жетекшілік жасайды. Үкімет  алқалы орган боп саналады және өзінің барлық қызметінде – Қазақстан Республикасы Президенті алдында, ал Конституцияда қаралған жағдайларда Парламент Мәжілісі мен Парламент алдында жауапты. Үкіметті Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда белгіленген тәртіппен құрады.


Заң шығарушы билік

Заң шығарушы билік – Парламент. Парламент тұрақты негізде қалыптасқан екі Палатадан тұрады. Жоғарғы палата  – Сенат (39 адам) әр 6 жыл сайын сайланады. Төменгі палата  – Мәжіліс (107 депутат, оның 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері) әр 5 жыл сайын сайланады.

Сенат депутаттығына, конституциялық заң тағайындаған тәртіппен, әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан (14 облыс, 2 қала) екі адамнан   сайланады. Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті ұлттық-мәдени және қоғамның басқа да маңызды мүдделі өкілдерімен Сенатты қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, тағайындайды. Парламент депутаты бір мезгілде екі Палатаға бірдей мүше бола алмайды. Заң шығарушы билік президентпен қадағаланып отырады. Үкімет Парламентке емес Президентке бағынады.

 


Соттар және Сот төрелігі

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты  —  елдің азаматтық, қылмыстық және басқа да жергілікті сот  істері бойынша   заңда көзделген процессуалдық формада олардың қызметін қадағалап, сот практикасы мәселелері бойынша түсініктеме беретін жоғарғы сот органы.
Оның мәртебесі Қазақстан Конституциясы мен “Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен соттар мәртебесі туралы” Конституциялық заң жазылған. Жоғарғы Сот Төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағалары мен соттары Республика Президентінің ұсынуымен Сенатта сайланады. Сот төрелігін Қазақстанда тек қана соттар жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі — Қазақстанда конституцияны қадағалайтын ұжымдық орган. Ол 7 мүшеден құралған. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен екі мүшесін Президент, соған сәйкес Сенат пен Мәжіліс екі мүшеден   6 жыл мерзімге тағайындайды.

Конституциялық Кеңеске Президент, Сенат Төрағасы, Мәжіліс Төрағасы,   жалпы санының бестен бірінен кем емес Парламент депутаттары, Премьер-Министр, сот (Конституциямен бекітілген адамдар бостандығы мен азаматтардың құқықтық нормативтік актілері бұрмаланған жағдайда ғана) өтініш білдіруге құқылы.


Жергілікті билік органдары

Әкімдік — Қазақстан атқарушы билігінің аймақтағы органы. Әкімдік басшысы әкім, ол республика Президенті мен Үкіметінің облыстағы өкілі боп саналады. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың  әкімдерін қызметке Қазақстан премьер-министрінің ұсынысымен  Президент тағайындайды.  Басқа әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдері Қазақстан Президенті белгілеген тәртіп бойынша тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өз қалауы бойынша әкімдерді лауазымды қызметтен босатуға құқылы.  

Қазақстан әкімшілік-аумақтық жағдайына қарай 14 облысқа бөлінген. Ел астанасы – Астана қаласы.  Алматы қаласы республикалық мәртебеге ие.   


Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, 1995 жылдың 1-наурызында Қазақстан халқының Ассамблеясы  Мемлекет Басшысы жанындағы  консультациялық-кеңесші орган ретінде құрылды. 

Ассамблея құрамы  мемлекеттік органдар, этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, қоғамда, қоғамдық-саяси ортада беделді, қоғамдық-саяси белсенділіктері ескерілетін басқа да  тұлғалар есебінен қалыптасады.  

Қазіргі кезде Ассамблеяның құрамында  350 мүше бар.

Ассамблея қызметі мынадай келесі  міндеттерді шешуге бағытталған:

- республикада ұлтаралық және дінаралық келісім мен қоғамда тұрақтылықты сақтауға атсалысу;
- Қазақстан аумағында тұратын  этностар өкілдері арасында достық қарым-қатынасты дамытатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар жасау; теңдік қағидатын сақтау негізінде олардың рухани-мәдени қайта жаңғыруына және дамуына үлес қосу;

- өркениет пен демократиялық нормаларға сүйеніп, азаматтардың  саяси мәдениетін қалыптастыру;
-  мемлекет жүргізетін ұлттық саясатта көпқырлы ұлттық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз ету;
-  қоғамда туындайтын әлеуметтік қарама-қайшылықтарды шешу жолында мәміле іздестіру.

Ассамблея қызметі Қазақстан Республикасының ұлтаралық қарым-қатынастар проблемаларын тиімді шешуші ел ретінде халықаралық беделінің өсуіне де ықпал етеді. Ассамблеяның қосқан үлесі жоғарғы деңгейде лайықты бағаланды. Біздің елге келген ресми сапарында БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды әлемдегі басқа мемлекеттер үшін этникаралық келісімнің, тұрақтылықтың, бірқалыпты дамудың үлгісі деп атады.  Рим Папасы II Иоанн Павел де Қазақстанға келген кезінде Қазақстан халқы туралы жоғары пікір білдірді.  


Тіл

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады; ағылшын – бизнес тілі.   


Саяси партиялары

1995 жылғы Конституция саяси партиялардың қызметіне олар ресми тіркелгеннен кейін рұқсат етеді.

5-БАП

1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттiк органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.
2. Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi.
3. Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.
4. Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының қызметіне, дiни негiздегi партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.
5. Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттiк органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.