Оралдық Александр Величко 60 жасында домбыра тартуды үйренді

Оралдық Александр Величко 60 жасында домбыра тартуды үйренді

Орал қаласының тұрғыны Александр Величко 60 жасында домбыра тартуды үйренді. Ол осыдан екі жыл бұрын қазақтың ұлттық аспабын қолына алып, үйрене бастаған. Қазір күй тартып, қазақтың халық әндерін де нақышына келтіре орындап жүр.

 

Осыдан 10 шақты жыл бұрын пойызбен жол жүріп бара жатып, домбыра сатып алған. Қазақтың ұлттық аспабы үйінде 6 жыл бойы құр ілініп тұрады, бір күні қолына алып, тарта бастайды. Қызығушылы күн санап артып, домбыра үйірмесіне баруға бел байлайды.

 

Александр ВЕЛИЧКО, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ең бастысы адамда ниет болуы керек. Сонда ғана қолға алған  ісің алға басады. Осыдан 15 жыл бұрын маған біреу «сен болашақта домбырашы боласың» десе, сенбес едім. Қазақтың қос ішекті ұлттық аспабының не сиқыры бар екенін білмеймін, әйтеуір мені өзіне баурап алды.

 

Александрдың мамандығы – инженер. «Ерке сылқым», «Кеңес», «Ақ желең», «Көңіл толқыны», «Адай» күйлерін де үйреніп алыпты. 12 жастағы оның аттасы Александр Винктің де арманы болашақта домбырашы болу екен. Олар қазір Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығындағы домбыра үйірмесіне барып жүр. 

 

Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,  ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Өзге ұлт өкілі болса да, осы домбыраға өзінің көңілін аударып, үйреніп, өзі айтып кеткендей көбіне іссапармен далада жүреді көбіне алыс жерлерде. Дегенмен он күн болсын, бір апта болсын, сол уақытта көңілін бөліп, әрдайым сабақ алып, тапсырма алып тұрады. Домбыра үйреніп қана қоймай, қазақ тілімен де қазір шұғылданып жатыр.

 

 

 

Сурет: shalkarfm.kz