Қытайда Боао Азиялық форумы өтті

«Ашық, инновациялық Азия және өркендеуші әлем». Осы тақырып аясында Боао Азиялық форумы өтті. Бұл пікір-талас алаңын «Шығыстың Давосы» деп атайды. Себебі сары құрлықтағы дәл осы бас қосу жыл сайын Швейцарияда өтетін бүкіләлемдік экономикалық форумның баламалы Азиялық үлгісі ретінде танылған. Сәйкесінше жиында жаһандық мәселелер халықаралық сарапшылардың талқысына түседі. Форумда әлемде белең алған иновациялар мен жаңа қаржылық мүмкіндіктер және «Бір белдеу, бір жол» бойынша қытайлық жоба әңгіме өзегіне айналды.  Жиында сөз алған ҚХР төрағасы Си Цзиньпин аспан асты елінің өткен 40 жылына шолу шасап,  даму көрсеткіштеріне тоқталды. Әсіресе қытайлық тараптың әділ әлем құру  жолында тұрғанын баса айтты.

СИ ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

- Біз алдағы уақытта да нарықтың ашықтығын дамыта түсеміз.Бірінші кезекте елдің сақтандыру компаниялары, қор нарығы мен экономикалық секторына шетелден қаржы тарту үшін инвесторларға қолайлы жағдайлар жасап жатырмыз. Қытай аумағында халықаралық қаржы институттарын құру талаптары жеңілдетіледі. Өндіріске келетін болсақ, бұл сала көпшілікке ашық. Тек көлік құрастыру, сот өндірісі мен авиациялық салаларда бірқатар шектеулер бар. Алайда бұл тұста да әріптестік орнатудың барынша мүмкіндіктері жасалған. Біз әлі де осы секторлардағы серіктестікті жетілдіретін боламыз. Екіншіден біз инвестициялық климатты жақсартып, әлеуетін артыра түсеміз. Сондай-ақ халықаралық экономикалық талаптардың сәйкестігін жетілдіреміз. Монополияларға қарсы интеллектуалды меншікті қорғау ісіне күш салдық.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, бүгінде Азия мемлекеттері аса қызығушылық тудыратын аймақ. Бұл ірі, бастысы қарқынды дамып келе жатқан нарық. Өңірдің жалпы экономикалық көрсеткіштерінің өсуінде Қытайдың үлесі басым. Ресейлік сарапшылардың пікірінше бұл өзгерістер   елдер арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықтың нығаюын қамтамасыз етіп, өзара алыс берістің еселенуіне жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

АНДРЕЙ ДЕНИСОВ, РФ ҚХР ЕЛШІСІ:

- ҚХР төрағасы Си Цзиньпин елде қолға алынып, атқарылып жатқан реформалар мен нақты шараларға тоқталды. Мәселен ол өз сөзінде банктік, қаржылық, сақтандыру сынды қызмет көрсету салаларының, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындарды, машина жинау, әуе нысандарын құрастыру, сот өндірісінің ашықтығын қамтамасыз етіп жетілдіру қажеттігін айтты. Бұл ресейлік компаниялардың аспан асты елімен қарым-қатынасының жақсара түсуіне жол ашады. Себебі нақ осы салалар бойынша екі жақты байланыс енді жанданып жатыр.  

АЛЕКСЕЙ ЧЕКУНКОВ, АЛЫС ШЫҒЫСТЫ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Мені Си Цзиньпиннің заманауи үлгідегі еркін порттар құру идеясы қуантпай қоймады. Өйткені осындай еркін порт бар. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы өзара серіктестік көкжиегін кеңейте түсетініне сенімдімін.  

Форумның барысында Азияның даму көрсеткіштеріне қатысты жасалған баяндамаларға сәйкес өткен жылы аймақтың жалпы бәсекеге қабілеттілігінің артқаны байқалады. Халықаралық сарапшылардың айтуынша Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бастамасы бұл қарқыннан қайтпаудың кепілі болмақ. Сондай-ақ Қытай-Пәкістан, Бангладеш-Қытай-Үндістан-Мьянма транзиттік дәлізінің дамуы осыған негізделіп отыр. Айта кетейік, БОАО Азиялық форумы 2002 жылдан бері  дәстүрлі түрде өтікізіліп келеді. Биылғы басқосуға 2 мыңнан астам дипломат, саясаткер, экономист пен әлемнің 60 елінің кәсіпкерлері қатысты.