Әбдісәлім Саваш – Ұлыбританияның қазағы. Оның ата-анасы қым-қуыт заманда тағдыр тәлкегіне ұшырап, Алтай өңірінен Түркияға көшіп кеткен. 25 жасында Түркиядан Ұлыбританияға қоныс аударған Әбдісәлім Саваш бүгінде қазақ қандастарымызға бас көз болып жүр. Лондонда 40-тай қазақ отбасы бар. Олар қазақтың ұлттық мерекелерінде бас қосып, қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, ұлттық тағамнан дәм татысады. Мұнда аға буын қазақша сөйлесіп, жастар түрік, ағылшын тілінде пікір алысады. Осы ретте қазақ әліпбиінің латынға көшуі өте орынды шешім болып отыр.

ӘБДІСӘЛІМ САВАШ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ҚАЗАҚТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Мына қазір жақсы хабарлар естіп жатырмыз. Латын әліпбиіне көшіп жатыр. Бұрын біз Түркияда латын әліппесімен тіл үйренгенбіз. Кирилл алфавитін оқи алмаймыз. Қазақстанға жүрегіміз тартып тұрғанымен, оқи алмағаннан қиын болып келіп тұр.

Қауымдастық мүшелері арасында қазақша еркін сөйлейтін жастар да бар. Саттар Көсе – британиялық компанияда маркетинг менеджері болып қызмет етеді. Ана тілін ертеректе Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіндегі курстардан үйренген. Оған қоса Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігі туып, меңгеріп алған.

САТТАР КӨСЕ, ЛОНДОН ТҰРҒЫНЫ:

 - Бірінші рет Қазақстанға барғанда бүкіл адамдар қазақ болғанына қуанып кеттім. 2010 жылы Қазақстанға бардым, екі жыл сол жақта тұрып, қазақтармен бірге араласып, бірге қазақша сөйлесіп жүрдік. Бірінші кездері біраз қиын болды. Бірақ тәжірибе керек. Адамдармен кездесіп, қазақша сөйлегенде жаңа сөздер үйреніп, қазақ тілін дамытасыз.

Әбдісәлім Саваш өз үйінен қауымдастық мүшелері үшін бір бөлме белгілеп қойған. Мұнда олар ана тілінде жаңалықтар мен фильмдер көріп, Қазақстан туралы мағлұмат ала алады. Қазақтың қара домбырасында ойнауға да мүмкіндік бар. Келешекте қазақ тілін үйрету курстарын ашып,   Ұлыбританиядағы барша қазақтар емін-еркін кіріп-шыға алатын құтты шаңыраққа айналдырсам, дейді Әбдісәлім ақсақал.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер