Қазақстанда туризмді дамытудың дүниежүзілік инновациялық орталығын ашу көзделуде - Kazakh TV

Қазақстанда туризмді дамытудың дүниежүзілік инновациялық орталығын ашу көзделуде. Ол ЭКСПО көрмесі кезінде салынған сферада орналаспақ. Мұндай орталық Орталық Азия аймағында мүлдем болмаған, - дейді БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысы Зураб Пололикашвили. Жаңа қызметіне орналасқан хатшы екі күндік сапарымен Қазақстанға келген болатын. Оның айтуынша, еліміздің бас шаһары маңызды халықаралық шараларды өткізу орны атануға әбден лайық.

ЗУРАБ ПОЛОЛИКАШВИЛИ, БҰҰ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТУРИЗМ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ :

 - Астана кәсіпорындар өз жобаларын ұсынып, инвесторлар тарта алатындай орталыққа айнала алады. Барлық мамандар бас қосып, туризм саласындағы тың жобаларды қарастыратын зертхана-орталық жасауды жоспарлап отырмыз. Қазақстан 2017 жылы туризмді дамытудың нақты жоспарын қабылданды. Ол алдағы жылдары нәтижесін береді деген ойдамын.

Дүниежүзілік туризм ұйымының болжамы бойынша, алдағы онжылдықта «эмпирикалық» туризмде ең көп өсім болмақ. Туризмнің бұл түрін тарихи, мәдени, ауылдық, әлеуметтік, эко және этнотуризм деп бөліп қарастыруға болады. Мамандардың пікірінше, бұл бағыттар бойынша Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның да әлеуеті зор. 

ЗУРАБ ПОЛОЛИКАШВИЛИ, БҰҰ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТУРИЗМ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Эко және этно туризм – бұл жаңа бағыттардың бірі.  Қазақстанның табиғаты бай,  көркем, тылсым жерлер жеткілікті. Сан түрлі ұлттық парктер бар. Оларды, әрине, қорғау керек. Бірақ ұлттық парктер келушілер үшін ашық болу керек деген ойдамын. Осының арқасында келетін туристердің де саны артатын болады.

Қазіргі таңда туристер тарапынан Ұлы Жібек жолы жобасына қызығушылық жоғары. Бұл брендті қаржыландыруға бағытталып отырған сома да қомақты. Сондықтан Орталық Азия елдері мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс,-дейді Зураб Пололикашвили. Бастысы, инфрақұрылымды дамыту. Ал бұл –туризмді өркендетудің ең маңызды тұстарының бірі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер