Осыдан 60 жыл бұрын Қазақстан алғашқы телевизия сигналын қосты. Отандық телевизияның тарихы да дәл сол сәттен басталды. Сол жылдың күзінде Азиядағы тағы бір мемлекет телевизия саласына бет бұрды. Қытайда алғашқы эфирлер өткен арна Бейжің телевизиясы деп аталған болатын. Екі жылдан соң  бұл елде 30-дан астам станция іске қосылды. Эфир негізінен ғылым, білім тақырыбындағы бағдарламалармен, спектакльдермен және жаңалықтармен толтырылды. Қазіргі таңда аспанасты елі телевизиялық аудитория көлемі бойынша көшбасында. Негізгі арна – Қытайдың орталық телевизиясы. Бүгінде ССТВ әлемнің алдыңғы қатарлы телеарналарымен әріптестік орнатып отыр.

ЧЖУН ЯНЬ, ҚЫТАЙДЫҢ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ  

 - Қазіргі кезде Қытай теленарықтағы көшбасшылардың бірі. Біз өз жұмысымызға үнемі жаңа технологияларды енгіземіз. Медиа технология саласындағы соңғы әдістерді қолдануға тырысамыз. Өйткені ақпараттық саясат заман ағымына, экономикалық даму қарқынына сай болу тиіс деп ойлаймыз.  Яғни Қытай өзінің теле индустриясын жаңа технологиялар ғасырына сәйкес  дамытып жатыр деп айта аламын.

60 жыл бұрын Қазақстан мен Қытай үшін телевизия әлемі есігін айқара ашты. Ол тұста Азиядағы телевизия саласының қызметкерлері өзге елдердегі әріптестерінің тәжірибесіне сүйенген болатын. Мәселен, Германияда тұрақты телевизиялық бағдарламалар сонау 1928 жылы эфирге шыға бастаған. Гюнтер Кнабе 30 жылдан астам уақыт бойы немістің «Дойче Велле» атты телерадиокомпаниясында қызмет етіпті. Ол отандық телехабар тарату ісінің ең жарқын әрі маңызды сәті Олимпиада ойындарының трансляциясы болды деп еске алады.

ГЮНТЕР КНАБЕ, ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТ, ГЕРМАНИЯ:

 - 1936 жылы Германия Олимпиада ойындарына қатысты. Біздің еліміз телетрансляция құқығын алуда британиялық BBC-мен бәсекелес болды. Олимпиада өзімізде өткендіктен, трансляция құқығы бізге бұйырып, тұңғыш рет Олимпиада ойындары көгілдір экраннан көрсетілді. Бұл өте үлкен жетістік болатын. Неміс телевизиясы үшін ғана емес, әлемдік теле индустрия үшін де маңызды сәт болды.

90 жылдан астам тарихы бар неміс телевизиясы қазірде 63 мемлекеттік және жүздеген жеке арналардан тұрады. Әлемнің түкпір-түкпірінде арнайы тілшілері жұмыс істеуде. Жаңа технологиялар да ешқашан назардан тыс қалған емес. Телевизия механикалық және дыбыссыз хабар таратудан спутниктік және цифрлық телевизияға дейінгі жолды артта қалдырып отыр. Жаһандану мен тың технологиялар  заманында ақпарат бірер секунд ішінде дүние жүзін шарлап шығады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер