Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістер - Kazakh TV

Орталық Азия жаңа дәуірге қадам басты. Қазіргі таңда аймақ мемлекеттері стратегиялық трансформация ғасырына өтуде. Мақсат ортақ – ұлттық экономика дамуының қарқынын ұлғайту, экспортық әлеуетті жетілдіру мен өнеркәсіптік өндірістің қарқынын дамыту.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Соңғы өзгерістерге байланысты, әсіресе, Өзбекстанның көршілес елдермен байланыс орнатудағы жаңа саясатына сәйкес, біздің экономикалық әріптестігіміз нығаюда. Біз бұл мүмкіндікті қалт жібермеуіміз тиіс. Өйткені біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Яғни бірлесе жаңа индустрияландыру міндетін орындай аламыз. Жұмыла сапалы экономикалық өсімді қалыптастырамыз деген ойдамын.

Аймақтағы әріптестіктің жаңа қарқыны қазірдің өзінде жемісін беруде. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Көлік-логистикалық байланыс та нығайып отыр. Орталық Азия елдері «Бір белдеу-бір жол», Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы  сынды ірі халықаралық  және интеграциялық жобаларға белсенді қатысуда. Елдердің байланысын одан әрі дамытуға Астанада өтетін аймақ мемлекеті басшыларының алғашқы саммиті сеп болмақ. Кездесу барысында бірқатар құжаттарға қол қою көзделуде. Одан бөлек, қауіпсіздік проблемалары қарастырылады. Инвестиция тарту, энергетика, су ресурстары мен миграция мәселесі де бар.

ЕРЖАН САЛТЫБАЕВ, ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Алдағы кездесу мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың дамуына, түрлі салалар бойынша байланыстың нығаюына оң әсерін тигізбек. Мұндай құрамдағы алқалы жиын алғаш рет ұйымдастырылатын болады. Оның Астанада өтуі аса маңызды.

Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының саммиті ынтымақтастық үшін тиімді нақты салалар мен жобаларды анықтауға мүмкіндік бермек. Бұл елдердің тұрақты экономикалық дамуына жағдай жасайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер