Орталық Азия жаңалықтарына шолу

Қырғызстан, Өзбекстан және Қытай автокөлік жүк тасымалының халықаралық бағыттарын ресми түрде іске қосады. Бұл туралы «ca-news» Ортаазиялық жаңалықтар агенттігі жазды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуангтың айтуынша, өткен жылы 3 мемлекет Ташкент-Әндіжан-Ош-Иркештам-Қашғар бағытымен жүк тасымалын сынақтан өткізді. Нәтижелер көрсеткендей, барлық тараптар экономикалық жағынан пайда көрген. Қазір Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай жүк тасымалдау процестерін жеделдетіп жатыр. Жоспар бойынша осы айдың басында аталған бағыттар іске қосылмақ.

***********************************************************

Өзбекстанның қарқынды дамып келе жатқан нарығына америкалық ірі компаниялар қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы «Caravanserai» басылымына сілтеме жасай отырып «inozpress» жаңалықтар агенттігі жазды. Сарапшылардың пікірінше, бұл процесс саяси және экономикалық реформалардың нәтижесі. Мысалы, Boston Consulting Group сияқты компаниялар Орталық Азия еліндегі жаңа мүмкіндіктерге қызығушылық танытып жатыр. Бұл компания Өзбекстан өңірлерінің даму бағытын, оның ішінде көлік индустриясы мен республиканың энергетикалық және көлік инфрақұрылымын анықтайтын инновациялық даму стратегиясын әзірлеуге көмектеседі. Ал тағы бір америкалық компания IT индустриясының даму стратегиясын дайындауға қолдау жасауға ниетті. Қазіргі таңда азаматтық авиация, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі мен денсаулық сақтау салаларына қатысты басқа да бірлескен жобалар әзірленіп жатыр.

*********************************************************

Тәжікстан мен Өзбекстан елдері мәдениет пен саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Екі тарап бірлесіп концерттік жобалар ұйымдастырмақ. «Аvesta» агенттігінің хабарлауынша, тәжік тарапы Орталық Азия елдері ішіндегі Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыстан және Қазақстан елдерінде ұлттық музыка фестивалін ұйымдастыруды ұсынды.