«Жаңа Ұлы Жібек жолы-2018» халықаралық экспедициясы биыл көктемде сапарға шығады

Тарихтың ізімен. «Жаңа Ұлы Жібек жолы-2018» халықаралық экспедициясы биыл көктемде сапарға шығады. Әлемге әйгілі поляк саяхатшысы Яцек Палкевич тарихи сауда жолымен жүріп өтіп, осылайша, Еуразия елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға септігін тигізбек.

ЯЦЕК ПАЛКЕВИЧ, ЗЕРТТЕУШІ, САЯХАТШЫ:

 - «Ұлы Жібек Жолы 2018» менің ең ірі жобам болғалы тұр. Бұған дейінгі бағындырған саяхатымның қорытындысы деп айтуға болады. Аңызға айналған Марко Поло жолымен жүріп өтуді жоспарлап  отырмыз. Қазіргі күні Қазақтуризммен жұмыс жасап жатырмыз. Қазақстан аумағында 12 күн бойы саяхат жасап, қазақ жерінің қасиетті жерлерін тамашалауды көздеп отырмыз.

Саналы ғұмырының қырық жылын ел мен жер кезіп өткізген жиһангез – 30-ға  жуық кітаптың авторы. Яцек Палкевич бұл экспедиция Қазақстанға еуропалық туристердің ағынын арттыратынына сенімді. Себебі Астана әлемге «Азиядағы Дубай» ретінде танылып үлгерген дейді.

ЯЦЕК ПАЛКЕВИЧ, ЗЕРТТЕУШІ, САЯХАТШЫ:

 - 10 жылда қыруар жұмыс атқарылды. Бүгінде Астананы білмейтін адам жоқ шығар. Қазақстанды Орталық Азияның ең дамыған елі деп таниды. Қала таңғалдырады.

Яцек Палкевичтің жетекшілік етуімен «Ұлы жібек жолы-2018» халықаралық экспедициясы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Беларусь елдерінің аумағымен 10 мың километр жолды бағындырмақ. Экспедицияның бастапқы нүктесі – Сиань қаласы. Бұл ретте саяхатшылар еліміздің ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміндегі 33 нысанға тоқтап, түсірілім жұмыстарын жүргізбек. Ал экспедиция маусым айында Варшавада аяқталады.