Өзбекстан мамыр айынан бастап, транзиттік билеті бар жолаушыларға 72 сағатқа негізделген қысқа мерзімді виза беру режимін енгізеді. Атап өтсек, көрші елдің бұл тізімінде Израиль, Индонезия, Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және Түркия мемлекеттері бар.  Ал Армения, Әзербайжан және Ресей сияқты тағы тоғыз мемлекетпен арадағы визалық режимді 2 айға ұзартты. Мұндай шаралар туристер ағынын еселеп, инвесторлар тартуға бағытталған. Әсіресе, Өзбекстан мемлекеті Орталық Азия елдерінен келетін туристерге көбірек иек артып отыр. Сәйкесінше шекаралық аймақтарды тиімді пайдаланудың жаңа бағыттары ашылып, мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

АЗИЗ АБДУХАКИМОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Шекараға автобус 10 минутқа аялдайтын болса, соның өзі жетеді. Біз ол жерлерді тиімді пайлануымыз керек. Түрлі кәдесыйлар мен тамақтанатын және сауда орындарын салған жөн. Бұл  Қазақстан мен Өзбекстан және Қырғызстан елдері үшін де тиімді деп ойлаймын. Өйткені шекара асқан шетел азаматтары қалтасындағы қаржысын сол елдің аумағында қалдырып кетіп жатса, қорға қосымша қаржы құйылады.

Өзбекстан туризм саласын дамытуға басымдық беруде. Елдің инфрақұрылымы бұған толық сәйкес келеді. Мұнда 7 мың 300-ден асатын мәдени және тарихи нысан бар. Шығыс маржандары Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Хиуа, Шахрисабзе қалаларында көбірек сақталған. Аталмыш аймақтарды дамыту бағдарламасы мен туристік ұйымдардың әлеуетін арттыру, қонақүйлерді әлемдік стандарттарға сәйкестендіру жағы да қолға алыныпты.

ЮЛДУЗ РАХМАНОВА, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Визасыз режим бізге не береді? Туристер Өзбекстанды толық көреді. Ташкентке ұшып келіп Самарқанд, Бұқара қалаларына бір күндік сапармен баруға болады. Сол жерлерде біздің қонақжай халықтың дәстүрімен жақынырақ танысады.

Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстан «Астана-Шымкент-Жібек жолы» туристік бағытын қолға алмақшы. Елорда мен Алматы да бұл бағытқа енгізіледі. Жоба аясында әуе және темір жол қатынасы одан әрі жақсармақ.  

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚР ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Ташкенттегі әуе жолдары мекемесімен бірлескен жоба аясында жұмыс істеу бойынша ортақ келісімге келдік. Бұл бірінші кезекте қытайлық туристердің санын арттырады. Екіншіден жобаны келешекте басқа да мемлекеттермен жалғастыруды көздеп отырмыз. Оның жүзеге асуына Астана мен Алматы қалаларында жасалған инфрақұрылым мүмкіндік беріп, Ташкентке ұшуға кедергі келтірмейді. Самарқанд пен Бұхара бағытындағы теміржол маршруттарын пайдаланып, Жібек жолының жаңа бағытын жасауға мүмкіндік береді.

Өзбекстан билігі визасыз режим негізінде туризммен қатар кәсіпкерліктің дамитынына да сенімді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс бір ізге түсіп, шекара мәселесі де шешілді. Бұл туристік жобаларды жүзеге асыруда тиімді болып тұр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер