Бейжіңде Түркменстанның «Жібек жолы» визалық қызмет көрсету орталығы ашылды

Бейжіңде Түркменстанның «Жібек жолы» визалық қызмет көрсету орталығы ашылды

Түркменстан мен Қытай туристік саланың көкжиегін кеңейтпек. Бейжіңде екі елдің алғашқы туристік форумы өтті. Бейжіңдегі кездесу барысында Түркменстанның «Жібек жолы» визалық қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа мекеме туристер ағымын арттыруға септігін тигізеді, дейді мамандар. Екі тарапқа да тиімді форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, туристік және қонақ үй бизнесі мен Қытайдағы Орталық Азия елдері өкілдері қатысты. Кездесуді тарихи оқиғаға балаған олар Қытай мен Түркменстан ынтымақтастығы кеңейе түсетініне сенім білдірді.  

АБДУРАХМАН МАМЕДНИЯЗОВ, ТҮРКМЕНСТАН ТУРИЗМ КОМИТЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Біріншіден, туристерді көптеп тарту үшін туристік компаниялардың жұмысын жандандыру қажет. Екіншіден, екі елдің туристік әлеуетін арттыру үшін ақпарат жеткілікті болуы керек. Ал үшіншіден, туристік салаға негізделген көрмелер мен жәрмеңкелерді, конференцияларды көптеп ұйымдастырған жөн.

ЧИНАР РУСТАМОВА, ТҮРКМЕНСТАННЫҢ ҚЫТАЙДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Жақын арада Түркменстан мен Қытай туризм министрлігі өзара байланыс орнатып, мәдени-танымдық туризмді дамыту жұмыстарын жүргізеді деп ойлаймыз. Оның ішінде спорт және ат туризмі бар. Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда-саттық әлеуетін арттыру мақсатында Қытаймен іскерлік туризмді де дамытамыз.

Жаңадан ашылған визалық қызмет көрсету орталығы қытайлық туристер үшін Түркменстанға сапар жасауды қолжетімді етеді. Ортаазиялық мемлекет саяхатшылар үшін өзінің табиғи, тарихи-мәдени байлығымен қызықты.

Ю СЯНДУН, ТУРИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ АГЕНТТІГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Түркменстанның Қытаймен қарым-қатынасын тереңдетуге мүмкіндігі зор. Әсіресе, туризм саласына басымдық берілмек. Визалық қызмет көрсету орталығы Түрікменстанға келетін қытайлық туристердің санын биылдың өзінде екі есе арттыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз.

БАБАГЕЛДИ ЧАРЫЕВ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Қытайлық компаниямен жұмыс істеуге қызығушылығымыз зор. Бұл форум - саладағы байланыстарымызды нығайтатын алғашқы қадам. Шара қытайлық әріптестерімізге Түркменстанды тереңнен тануға мүмкіндік берді.  

Өткен жылы Түрікменстанға 10 мыңға жуық қытайлық турист саяхаттаса, аспан асты еліне Орталық Азия аймағынан 14 мың саяхатшы барған. Қос тарап келешекте тікелей әуе рейстерін ашып, жаңа туристік маршруттар құруды жоспарлап отыр.