Орталық Азия жаңалықтарына шолу

Орталық Азия жаңалықтарына шолу

http://ca-news.org/news:1428922

Ашхабадта Аралды құтқару халықаралық қорының отырысы өтті. Түркменстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Орталық Азия республикаларының өкілдері Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына сәйкес жобаларды әзірлеу және оны іске асыру туралы өзара пікір алмасқан. Кездесуде сарапшы топтар құру мәселесі де қарастырылды. Олар Орталық Азияны орнықты дамыту жөніндегі аймақтық қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының дамуына жәрдемдесу мақсатында халықаралық ұйымдармен және серіктестермен консультациялар жүргізеді. Кездесуде халықаралық және өңірлік ұйымдармен, қаржы институттары және экологиялық қорлармен, донор елдермен өзара серіктестікті нығайту жобалары бекітілді.

 

https://en.trend.az/business/economy/2854277.html

Еуропалық Одақ Орталық Азия елдеріндегі шағын бизнесті дамытудың өңірлік бағдарламасын қаржыландырады. Trend ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жобаны шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған Еуропа қайта құру және даму банкі басқаратын болады. Бағдарлама қаржыландыру саласындағы ноу-хауды енгізбек. Осылайша, жоба шеңберінде Орталық Азиядағы кәсіпкерлерге несие беретін қаржы институттары үшін білім алмасу платформасы жұмыс істейді. Оқу семинарлары мен тренингтер сала бойынша түрлі тақырыпты қамтиды. Оның ішінде, кредиттік рейтингтерді қадағалау мен қаржылық талдау жүйесі бар. Айта кетейік, бағдарламаның басты серіктесі - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры.

 

https://www.uzdaily.uz/index.htm

Өзбекстан туризм әлеуетін арттыру мақсатында тарихи жерлерге QR-код енгізеді. uzdaily басылымының   ақпаратына сүйенсек, жоба Самарқанд және Қашқадар аудандарында жүзеге асырылады. Оның аясында тарихи ескерткіштер, қонақ үйлер, мейрамханалар және Самарқанд және Шахрисабз туризм индустриясының басқа да объектілері штрих-кодтармен жабдықталған. Жоба 1-сәуірге дейін аяқталуы тиіс. Аталмыш жүйе тарихи-мәдени ошақтар туралы әлемнің 12 тілінде ақпар береді.  Туристер QR-код өздерінің смартфондарына орнатып алып, кез келген жердің тарихымен, нысанның ерекшелігімен таныса алады. Еске сала кетейік, осыған дейін мұндай штрих кодтармен Хиуа мен Бухарадағы тарихи ескерткіштер жабдықталды.