Орталық Азия: Туристік әріптестік

Орталық Азия елдерінде туристік әріптестік аясы кеңейіп келеді. Жыл сайын аймақтың мәдениеті мен тарихи орындарымен танысқысы келетін саяхатшылар саны артуда. Республикалар туристерге барлық жағдайды қарастырып, бірлескен турлар ұйымдастырып, визасыз режимді ұсынып отыр. Биыл әуе тасымалының аясы кеңейді. Себебі Самарқандқа туристердің қызығушылығы жоғары. Өткен жылдың өзінде қалаға 2,5 миллион адам келген. Жалпы алғанда республика аумағында шетелдік қонақтар баратын 7 мыңнан астам тарихи-мәдени ошақ бар. Алдағы уақытта Өзбекстанда «Ежелгі Бұхара», «Самарқанд сити» жаңа демалыс аймақтары ашылмақ. Туристік әлеуетті арттыру мақсатында, сарапшылар айтқандай, елдегі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, әлемнің бірқатар елімен арадағы визалық режимді алып тастамақ.

АЗИЗ АБДУХАКИМОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бүгінгі таңда біз әлемдегі бес бірдей ірі мемлекетпен визасыз режим енгізуді қарастырып жатырмыз. Оған қоса зияратшылар көптеп келетін үш мемлекетпен арадағы барыс-келіс жеңілдетіледі. Тағы 40 ел дәл осы тізімде бар. Бұл туристер санын көбейту мақсатында жасап жатқан жұмыстарымыздың негізгі бағыттарының бірі. Ал, екіншісі транспорттық логистиканы жетілдіру. Яғни әуе және темір жол қатынасын арттырып, бағаларды төмендету, жаңа мүмкіндіктерді ашу. Қазақстанмен арадағы автобус қатынасының жүре бастауы атқарылған ісіміздің жарқын айғағы бола алады.

Орталық Азия елдері туристерінің ошағына айналған «Бурабай» курорттық орталығы – Қазақстанның «маржаны» іспеттес. Шетелдік туристерге қызмет көрсету үшін мұнда арнайы байланыс орталығы ашылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін операторлар шипажайдың бағыттары мен қонақ үйлер туралы ақпарат береді. Мұнда туристік сектордың дамуы жан-жақты тексеруден өтті. Орталық Азия елдерінен келетін тұтынушыларға қолжетімді бағада қызмет көрсету үшін менеджерлер ұсынған шарттарды зерттеп, қызмет сапасына сәйкестігін анықтап шықты.

СЕЙСЕНҒАЛИ ҚАЛИАҚПАРОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Байланыс орталығы қазақ, орыс, ағылшын тілі режимінде жұмыс істеп тұр. Біз Көкшетау, Астана, мүмкіндігінше, тіпті Алматыда да орнатуды жоспарлап отырмыз. «Смарт Бурабай» Қазақстанда теңдесі жоқ жүйе болады. Онда тиімді функциялар енгізілген. Смарт жүйе арқылы видео көріп, бейнежазбаларға шолу жасауға, турдың бағытын қадағалап, түрлі қызметтерге онлайн тапсырыс беруге болады. Біздің бағдарламамыздың осындай бірқатар мүмкіндіктері бар. Бурабайды цифрлы жүйеге көшіру арқылы әлемге таныла аламыз.

Инфрақұрылымды дамыту, жаңа интеллектуалды технологияларды пайдалану, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы саясаты аймаққа туристік ағымдардың артуына ықпал етеді. Әлемдік туризм индустриясында жаңа өсу нүктесінің пайда болуына мүмкіндік береді.