Орталық Азияның Ауғанстандағы жағдайға үлесі

Орталық Азия елдері Ауғанстан экономикасының дамуы мен мемлекеттегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің орнауына сүбелі үлес қосып келеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ауғанстан мен аймақтағы елдердің ынтымақтастығына арналған министрлер пікірсайысында бас хатшы Антониу Гутерриш осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша Қазақстан ауған студенттерін тегін оқытса, Өзбекстан Ташкент пен Кабул арасында тікелей рейстер ашқан. Ал Түркменстан ауғандықтарға газ жеткізіп, темір жол байланысын жөнге келтіріпті. Сондай-ақ энергетика саласында трансшекаралық бастамалар қолға алынды. Мәселен, Өзбекстаннан Ауған еліне қуат көзін тарататын желі іске қосылды. Саясаттанушылардың пайымынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткен министрлер дебаты Ауғанстан мәселесінің ортақ шешімдерін іздеуге мүмкіндік берді. 

ҒАЗИЗАТ ИМАҚОВА, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Министрлер деңгейінде өткен пікірсайыс барлық елдерге де аса маңызды болды. Неге дейсіздер ғой? Өйткені дебатқа қатысқан 8 министр өз елдерінің сыртқы саясатына қатысты мәселелерді көтерді. Ондағы басты мақсат - Ауғанстандағы күрделі мәселеге көңіл аударып, ондағы жағдайды тұрақтандыруда жұмыла әрекет ету.  Өйткені ол елдегі ахуал барша әлемді алаңдатып отыр. Тек Ауған жерін ғана емес, осы арқылы жалпы Орталық Азия аумағының экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Бұл өте орынды бастама болды.   

Сарапшылардың пікірінше, министрлер пікірсайысы Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанмен ынтымақтастығын нығайта түсуге құлшыныс танытып отырғандарын аңғартты. Бірінші кезекте транзиттік тасымал, инфрақұрылым, сауда-саттық, энергетика инвестиция салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы әріптестікті бекемдей түсу көзделген. Тараптар бұл елге деген қалыпты көзқарасты өзгерту керектігін алға тартты. Ауғанстанды қауіпті аумақ емес, алдымен экономикалық әлеуеті ашылмаған серіктес екенін ұғыну керек дейді.

ҒАЗИЗАТ ИМАҚОВА, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Бүгінгі күні Ауғанстандағы әлемдік маңызға ие болған жағдайды министрлер ұсынған бағытпен шешіліп жатқанын көріп отырған жоқпыз. Мәселен Ресей Федерациясы мен АҚШ болса ондағы жағдайды оңалту үшін негізінен тәліптермен, терроризм және экстремизммен күрес жағына ден қояды. Көбінесе барлық мәселелерді шешуде күш қолданылады. Ал біз инфроқұрылымды дамыту, сауда-саттық байланысты орнату,  экономикалық әріптестікті нығайту арқылы бейбіт жолмен шешуді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар білім жүйесін жетілдіруге қатысты жобаларды жүзеге асыру қажет.  

Бұл орайда Өзбек елі алдағы көктем айларында Ауғанстан мәселесіне қатысты министрлік конференциясын  ұйымдастыру туралы бастама көтерді. Жиынның қорытындысы бойынша, Ташкент деклорациясы қабылданбақшы. Құжатта елдегі жағдайды бейбіт жолмен реттеудің негізгі тұжырымдамасы жасалып, Ауған үкіметі мен қарулы оппозицияның міндеттері айқындалады.