Орталық Азия жаңалықтарына шолу

Орталық Азия жаңалықтарына шолу

БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстандағы су ресурстарын басқару және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын. Халықаралық ұйымның бас хатшысы Антонио Гуртерриш Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында осылай деді. Оның жасаған мәлімдемесін liter.kz басылымы жариялап отыр. БҰҰ бас хатшысының айтуынша, соңғы он жылда Тәжікстандағы мұздықтардың отыз пайызы еріген. Сонымен қатар, Антонино Гутерриш энергетикалық ынтымақтастықтың арта түсуі «даму мен қауіпсіздікті» нығайту үшін аса маңызды екенін атап өтті. 

**************************************************************

Алматыда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі Ортаазиялық конференция uzdaili.com порталының назарын аудартты. Басылымның мәліметінше, ауқымды іс-шараны Дүниежүзілік банктің қолдауымен өңірлік экологиялық орталық пен Халықаралық Аралды құтқару қоры ұйымдастырған. Ал кездесудің басты мақсаты - аймақтық диалогты қолдау, климаттың өзгерістеріне бейімделу туралы білім мен ақпаратты кеңінен тарату. Конференцияға әлем елдерінің 200-ге жуық өкілі қатысты, оның ішінде танымал экономистер, саясаткерлер мен экологтар бар.   

******************************************************************

 «Қазақстанның Қытаймен шекарасы және Каспий теңізіндегі Ақтау портының арасындағы магистральдің құрылысы Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға тауар тасымалдауға жаңа мүмкіндіктер ашады», деп жазады Еurasianet басылымы. Ақпарат агенттігінің мәліметінше, құрлықаралық бастамалармен қатар, жергілікті жобалар да аймаққа әсер етуі мүмкін. Бұдан бұрын Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері екі елді байланыстыратын жаңа теміржол желісі қажеттігін, сондай-ақ Қытайға жол ашу керектігін атап өткен болатын. Осы ретте Шавкат Мирзиев пен Ашраф Гани де Ауғанстанды Орталық Азиямен байланыстыратын жолдың құрылысын аяқтауды келіскен.

*****************************************************************

Өзбектің мәдениет порталы «Жоғалған бақыт» атты жаңа көркем фильм туралы жазыпты. Халықаралық жоба – Ташкент студиясы мен қазақстандық мамандардың бірлескен жұмысы. Кинокартина өзбек жазушысы Кучкар Норкабиловтың сценариі бойынша түсірілді. Әлеуметтік драма баршаға белгілі отбасылық өмірдің өзекті мәселелерін көтереді. Фильм сюжетіне заманауи қазақ отбасының тұрмыс-тіршілігі арқау болған. Бауырлас екі елдің актерлары қатысқан фильмді түсіру жұмыстары негізінен Қазақстан аумағында өтті. Басылым мәліметіне сүйенсек, кинокартина бірден үш мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде прокатқа шығыпты.