Орталық Азияның демографиялық ахуалы жақсарып келеді. Бүгінде аймақ халқының саны 70 млн-нан асып жығылады. Мәселен, Қырғызстан мен Өзбекстан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығының күрт артқандығы байқалады. Сарапшылар өңірдегі  жалпы демографиялық көрсеткіштердің өсімі ондағы бірқатар әлеуметтік мәселелердің оңалуы мен өлім-жітімнің төмендеуімен байланыстырып отыр.

СЕРІК ҚАРЖАУБАЕВ, САРАПШЫ:

 - Бүгінгі таңда Қазақстан мен жалпы Орталық Азия елдеріндегі халықтың өмір сүру деңгейі біршама жақсарып келеді. Әлеуметтік мәселелердің шешілуінің есесіне ондағы халықтың өмір сүру ұзақтығы артып отыр. Қарт адамдардың қатары 4,5 пайызға өскен. Бұның бәрі аймақтағы тұрғындардың көбеюіне оң әсерін тигізуде. Бұған аталмыш мемлекеттердегі медицина саласының дамуы да өз септігін беріп отыр. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша, аймақтағы орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші артқан.

Мәселен, Өзбекстанда ол  – 73,8 жас, Тәжікстанда – 73,7, Қазақстанда бұл көрсеткіш  – 72,4 жасқа жетсе , Қырғызстанда – 70,9 жасты құрап отыр, Ал Түркменстаннның орташа өмір сүру ұзақтығы  – 70,4 жас. Жалпы аймақтағы аға буын өкілдерінің үлесі 5 пайызға артқандығы байқалады. Бұл орайда ең жоғарғы өсім Қазақстанда болса, ең төменгі көрсеткіш Тәжікстан елінде тіркеліпті. Сондай-ақ отандық сарапшылардың мәлімдеуінше, бүгінде Орталық Азия елдеріндегі 14 жасқа дейінгі балалардың саны 20,5 млн-нан асыпты. Бұл аймақтағы бар тұрғындар санының 29 пайызына тең. Осы тұрғыда Тәжікстан елі көш бастаса, Қырғызстандағы көрсеткіш баяулай түскен.

СЕРІК ҚАРЖАУБАЕВ, САРАПШЫ:.

 - Егер де бұл өсім бүгінгі  қарқынынан таймаса, 2018 жылы аймақтағы балалардың үлесі 30 пайызға жететін болады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Демографтардың айтуынша, қазір өңірде туу көрсеткіштері өсіп, халықтың негізгі дені жастардың үлесінде. Осылайша, өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы қалыпты дамыған демографиялық көрсеткіштердің деңгейіне жеттік деп сеніммен айта аламын. 

Сарапшылардың пайымынша, Орталық Азия елдерінің үкіметтері халықтың өсуіне байланысты мемлекеттің экономикалық  мүмкіндіктерін ескеріп, әлеуметтік бағдарламаларды шешуге ден қоюы керек.  Мәселен, биыл Қазақстан мен Қырғызстан елдерінде халық санағы жүргізілмек. Айта кетейік, жергілікті тарап бұл іске былтырдан бастап білек сыбана кіріскен. Ел ішінде халықтың демографиялық көрсеткішін бақылап отыру үшін өткен жылы қанатқақты жоба ретінде онлайн санақ жүйесі қосылды.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер