Орталық Азия  мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастық жанданып келеді. Аймақ елдері америкалықтар үшін экономикалық тұрғыда аса маңызды серіктес болып табылады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Орталық Азия аумағында шетелден қаржы тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалынған. Сондықтан АҚШ бұл өңірмен сауда-саттық байланысын нығайтуға қызығушылық танытып отыр. Мәселен жақында Өзбекстандағы экономиканың ырықтандырылуы америкалықтармен бірігіп, ортақ жобалардың аясын кеңейтуге жол ашты. Сондай-ақ тараптардың қауіпсіздік мәселелеріне байланысты көзқарастары сай келеді. АҚШ Ауған еліндегі жағдайдың оңалуы жалпы өңірдегі қауіпсіздік пен қарқынды экономикалық дамуға алып келетініне сенімді.  

ҒАЗИЗАТ ИМАҚОВА, САЯСАТТАНУШЫ:

– Бүгінгі таңда Трамп бастаған үкімет АҚШ-тың халықаралық ресурстық бастамалары бірінші кезекте Орталық Азия аумағында жүзеге асырылуы керек деген қағидатты ұстанып отыр. Бұндай саясат біздің еліміз үшін аса тиімді  болмақ. Қазіргі таңда Орталық Азия елдері өзінің инвестициялық тартымдылығын жақсартып, мемлекеттің жалпы экономикалық әлеуетін көтеруге мүдделі. Сондай-ақ аймақта экстремизм мен ланкестікке, есірткі саудасы мен қақтығыстарға қарсы игі шаралар қолға алынып отыр. Өңір тұрақты даму мен қауіпсіздік мәселелеріне аса көңіл бөледі. Бұл АҚШ саясатына сай келеді.

Сарапшылардың айтуынша АҚШ үкіметі Орталық Азия елдерімен серіктестіктің көкжиегін кеңейтуде Қазақстанға үлкен сеніммен қарайды. Себебі халықаралық аренада беделін арттырған еліміз аймақтағы көшбасшы мемлекет екенін баршаға мойындата білді. Қазақстан салиқалы сыртқы саясаты және жаһандық мәселелерге қатысты кешенді халықаралық маңыздағы бастамаларымен көпке үлгі. 

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Біріншіден Қазақстан Орталық Азияда даму қарқыны бойынша көш бастап келетін бірден-бір мемлекет. Экономикалық әлеуеті жағынан да алда тұр. Саяси тұрғыдан да өзгелерге ашық мемлекет. Екіншіден, америкалық инвестицияның негізгі бөлігі Қазақстан аумағында шоғырланып, табысты  жұмыс жасап келеді. Үшіншіден, Вашинктон үшін Қазақстанның Батыс пен Ресей елдері арасындағы бәсекелестікке араласпай көпжақты саясатты таңдауы аса қызықтырып отыр. Бұл орайда Қазақстан бейтараптық танытпай  екі жақты байланыстырушы көпірге айналып отыр.

Саясаткерлердің пайымдауынша жақында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ақ үй  басшысы Дональд Трамппен кездесуі АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа дем берді. Тараптар ортақ мәселелерді « С5+1» аймақтық алаңында бірлесіп шешуге уағдаласты. Бұл жоба Орталық Азиядағы 5 ел мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсу қамында қолға алынып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер