«Бабалар ізімен» экспедициясы Үндістанда Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасын зерттеуде

«Бабалар ізімен» экспедициясы Кашмир штатында. Ғылыми-тарихи топтың мүшелері үнді жерінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасын іздеп, өміріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 1540-1551 жылдар аралығында он бір жыл Кашмирді билеген даңқты қолбасшы, «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде «Кашмир – әлемнің ең мәшһүр қалаларының бірі» деп суреттейді. Жанға жайлы өңірдің табиғаты Мұхаммед Хайдар Дулатидің мәңгілік мекеніне айналады. Ол Сринагер қаласындағы «Мазар и Салатинге» сұлтандар мазарына жерленген. Отандық зерттеушілер мазарға арнайы бас сұқты.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл кісі жатқан жер қазақтарға киелі жер деп есептеймін. Осы жерге келіп Құран оқып, бас иіп кету әрбір азаматтың борышы сияқты маған. Бұл кісіден қалған көп мәліметтер бар Кашмир университетінде, Дели университетінде, басқа жерлерде. Соны егер біздің ғалымдар келіп зерттейтін болса көп мәліметтер табуға болады. 

Көркемдік сипатымен құнды Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Жаһаннама» мен «Тарихи рашидиі» үндістандық ғалымдар арасында жоғары бағаға ие. Осы орайда даңқты қолбасшының өміріне ізденіс жүргізіп, Қазақстанның тарихын зерттеп жүрген Мансура Хайдар «Тарихи Рашиди» еңбегін ағышын тіліне аударды. Ал еңбектің жазылу тарихы «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов пен Кашмир Университетінің профессоры Рафуддин Махмуди арасындағы кездесу барысында әңгімеге арқау болды. 

РАФУДДИН МАХДУМИ, КАШМИР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Ол «Тарихи Рашиди» деген еңбек жазды. Ол монументалды, өте үлкен шығарма. Мұхаммед Хайдар Дулати сондай-ақ Кашмирдегі барлық дін өкілдерінің басын қосып, діни тақырыптарды ашық талқылайтын жиындар ұйымдастырған. Ол Кашмирді басқарған кезінде Ислам дінінің сүнниттік тармағына көп қолдау білдірген.

Мұхаммед Хайдар Дулати Солтүстік Кашмирден бөлек  Тибет, Бадахшан, Кафиристан мен Ладакқа да жорық жасаған. Ол солтүстік Үндістанда көптеген реформа жүргізіп, әскерді күшейтеді, ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтереді.  Ол  Кашмирде Моғолдар Империясының билеушісі Хумаюнның атынан күміс теңгелер құйдырып, айналымға енгізеді. Кашмир ол кезде Ауған және Иран сияқты елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтын деңгейге жетеді.

БОЛАТ СӘРСЕНБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮНДІСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Мұхаммед Хайдар Дулати - Қазақ елі үшін айтулы, тарихи тұлға. Оның мұрасын зерттеу ісі президент Назарбаев жария еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай келіп тұр. Ол арқылы біздің азаматтарымыз үшін өз тарихының белгісіз тұстарын анықтауға мүмкіндік тумақ.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірінің соңы туралы деректер аз. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек ол 1551 жылы Кашмир аймағындағы Ханпура деген жерде көз жұмған. Ал қандай жағдайда өмірден өткендігі туралы аңыз әңгіме көп. Экспедиция мүшелері дәл осы Ханпураға жол тартып, орта ғасырлық бекініске келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Енді алдағы уақытта Кашмирден жаңа деректерді тауып, жергілікті ғалымдармен тығыз жұмысты жалғастырмақ.