Орталық Азия елдері туризм саласын бірлесе дамытпақ

Орталық Азия елдері туризм саласын бірлесе дамыта алады. Сарапшылардың пікірінше, соңғы уақытта бір сапарда бірнеше елге саяхат жасауға мүмкіндік беретін турпакеттер сұранысқа ие. Сол себепті аймақ мемлекеттері туризмді экономиканы ілгерілете алатын салалардың бірі ретінде қарастырып отыр. Мысалы, Қазақстанда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жобасы аясында туримзді дамыту бағытында бірнеше жоба қолға алынып, арнайы тұжырымдама әзірленді, бұған қоса, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы өз жұмысын бастады. Әлемдік туризм нарығында өз орнын табуға ден қойған тағы бір орталықазиялық мемлекет – Өзбекстан. Республика басшылығы елге туристерді тартуға дипломаттар да үлес қосуы керек деп отыр. Сыртқы істер министрлігіне арнап сөйлеген сөзінде Президент Шавкат Мирзиеев осы мәселеге тоқталды. Бұл үшін арнайы комиссия құрылатын да болады.  

ШАВКАТ МИРЗИЕЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Енді әрбір елші жұмыс күнін өзіне бекітілген аймақ әкімдеріне қоңырау шалып кеңесуден бастайды. Экспорт пен Туризмді дамыту, инвестиция-бизнес саласын күшейту мақсатында нақты жоспарларды тездетіп жүзеге асыру жолдарын қарастырады.

Сарапшылар Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы әлеуетін жоғары бағалап отыр. Аймақта Жібек жолы тұжырымдамасы саяхатшыларды тартуда үлкен маңызға ие. Бұл құрлықаралық бағыт жаһандық брендке айналып үлгерді және көпшіліктің сұранысына ие. Аймақ елдерінің тарихи және мәдени ұқсастықтарына қарамастан, туристерге ұсынар өздеріне ғана тән ерекшеліктері де жетерлік, дейді сала мамандары.

АЯ ҚҰСАЙЫНОВА, ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстанда эко және этно-туризмді дамытсақ, Өзбекстанда тарихи және мәдени туризмге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені оларда қаз-қалпында сақталған көне тарихи ескерткіштер мен орындар бар. Бізде, негізінен, этнотуризм дамып келеді. Бұл тұста біз Қырғызстанмен  ұқсаспыз. Өйткені мәдениетіміз бен тарихымыз ұқсайды. Сондықтан бір-бірімізбен әріптестік орнатып, туристерге қолайлы жағдай жасау мәселесін қарастырып отырмыз.

Орталық Азия елдері бәсекелестік емес, әріптестікке мән береді. Осы қағиданы ұстанған республикалар туризмді дамыту бағытында жоспарлы жұмысты қолға алды. Визасыз режим тәртібі, Орталық Азия елдерінің қалалары арасында тікелей әуе рейстерін, темір жол бағыттарын ашу солардың біразы ғана. Ал ең бастысы – әлем туристері үшін аса қызықты туристік сапарлар ұйымдастыру.