Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге мүдделі - Kazakh TV

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге әрекет жасап жатыр. Бұл ниеттерін қуаттау үшін көрші елде инвестициялық кодекс қабылданбақшы. «Сырттан қаржы тарту бойынша Қазақстаннан үйренеріміз көп», дейді Өзбекстан Олий Мажлисі Сенаты төрағасының бірінші орынбасары Садык Сафоев. Ол әлемнің бірыңғай сауда-саттық кеңістігіне әлдеқашан енген қазақ жеріне инвесторлардың ағылып келуі экономиканың ілгерілеуіне негіз болғанын алға тартады. Сондықтан осы бағыт оңтүстіктегі шекаралас мемлекеттің қызығушылығын тудырып отыр.

САДЫК САФОЕВ, ӨЗБЕКСТАН ОЛИЙ МАЖЛИСІ СЕНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанның маңызды тәжірибесін үйренбекшіміз. Бұл жергілікті атқарушы билік өкілдерінің, яғни қала әкімдерінің инвестиция тарту тұрғысындағы нәтижелі жұмыстары. Олардың қалталы кәсіпкерлерге жасалатын оңтайлы ұсыныстарын меңгеру ойда бар. Қазақстанның тәжірибесі біз үшін өте маңызды.

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірсе, оның жемісін біздің елдің де бизнес өкілдері көретін болады. Бүгінгі күнде көрші мемлекеттің аумағында  250-ге жуық қазақстандық кәсіпорын құрылған. 200-ден астамы бірлескен жоба болса, 40-қа жуық өндіріс ошағы Қа­зақ­стан капиталы негізінде жұмыс істейді. Сондықтан да ондағы отандық кәсіп иелерінің өнімін әлемдік нарыққа шығарудың зор мүмкіндігі тумақ.

ФАХРИДДИН ҚАРАТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Біздің қазақстандық бизнестің, өзбекстандық бизнестің бір-бірімен бірлесіп жұмыс атқаруының нәтижесінде әлемдік сауда ұйымдарына шығу үлкен бір серпін тигізеді. Қаншама жұмыс орындары ашылып, қаншама бизнес саласы өкілдерінің жоспарлары жүзеге аса бастайды. Батыс Қытай- Батыс Еуропа жолы, Жібек жолы тұр. Одан талай заттар экспортталып Қазақстан арқылы өтеді. Бұлда біз үшін үлкен жеміс.

Тараптар арасында  осы және өзгеде алыс берістің көкжиегін кеңейту үшін бірлескен бірнеше жол картасы  жасалды. Осындай шаралардың арқасында тауар айналымы 30 пайызға өскендігі байқалады. 2019 жылға дейін екі жақты сауда-саттықты 5 млрд долларға жеткізу межеленген. Бұл қазіргі көрсеткіштен 2,5 есеге артық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер