Шанхай ынтымақтастығы ұйымының қызметінде Орталық Азия елдерінің маңызы зор. Саясаткерлердің айтуынша, алдағы уақытта аймақтың маңызы тек арта түспек. Өткен жылы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының құрамына Үндістан мен Пәкістан енген болатын. Енді Орталық Азия елдері жер шары тұрғындарының 40 пайыздан астамын біріктірген беделді халықаралық ұйымның мүшесі болып отыр. Бұл аймақтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады,- дейді мамандар. Оның үстіне Қытай аймақ елдерін маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастыруда. Және түрлі бағыттар бойынша байланысты нығайтуға барынша мүдделі.

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытай үшін Орталық Азия елдерінде тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталып, аймақ экономикасының дамуы аса маңызды. Біздің аймақ, яғни Орталық Азия мен Қазақстан, негізінен, Шыңжаң Ұйғыр автономды ауданымен шекаралас. Қытай өзінің шығыс және оңтүстік өңірлерінен алшақ орналасқан ауданының дамуына ерекше көңіл бөлуде.  Бұл аймақтың экономикасын тұрақты етуді көздейді. Тиісінше, өмір сапасы  да артпақ. Қытайдың экономикалық саясаты осындай. Бұл тұста біздің қызығушылықтарымыз ұштасады.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда аймақ Қытай үшін маңызды транзиттік кеңістік болып отыр. Бұған,әрине, Ұлы Жібек жолының жандануы себеп. Қазіргі бағыттарға қарағанда әлдеқайда жылдам әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жаңа көлік дәліздері құрылуда. Бұдан бөлек, Қытай Орталық Азия елдерін табиғи ресурстардың ірі жеткізушісі ретінде қарастырады. Өйткені аспанасты елі мұнай, газ бен түсті металдарды аймақ елдерінен импорттайды.

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытай әлемдегі ірі сауда державасы екені белгілі. Әрине, бұл мемлекет үшін Орталық Азия елдері маңызды сауда серіктес болып отыр. Ал аймақ мемлекеттері үшін Қытай қазіргі таңда теңдесі жоқ әріптес. Трансшекаралық бастамаларды жүзеге асыру, түрлі кластердерді құру маңызды. Бұған, әсіресе, «Қорғас» аймағында аса назар аударылады. Бұл құрғақ порт,   Азия мен Еуропа арасындағы трансконтиненталды  бағыттардың маңызды бөлігі - «Достық-Алашанькоу» стансасы.  Бұл бастамалардың бәрі , әрине, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы құрылғалы Қытай көршілермен мықты байланыс орнатып, бірлескен өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды сәтті жүзеге асыруда, -дейді мамандар. Қазіргі таңда ұйым Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы  байланыс алаңына айналды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер