Германияда Еуропадағы ең үлкен қазақ диаспорасы өмір сүреді - Kazakh TV

Германияда Еуропадағы ең үлкен қазақ диаспорасы өмір сүреді. Ондағы қазақтар саны 3 мыңға жетеді. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, әлемнің 43 мемлекетінде 5 миллион қазақ өмір сүріп жатыр.

Жаннет Дәрібаева – Гамбургта тұрады, музыка пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Ол Германияға 2002 жылдары көшіп келген. Ал Ботагөз Мұхамеджанды жергілікті халық 30 жылдық өтілі бар дәрігер-дерматолог ретінде жақсы таниды. Гамбургтегі қазақтар жиі бас қосып тұрады. Олар бір-бірімен ылғи ана тілінде сөйлеседі.

ЖАННЕТ ДӘРІБАЕВА, МУЗЫКА МҰҒАЛІМІ:

 - 2007 жылдан бастап скрипка, фортепиано, синтезатор және блокфлейта саз аспаптары бойынша дәріс беремін. Әртүрлі ән мектебінде қызмет істеймін. Оренбург, Бактехайде, Гамбург, Нордерштет және Билзень қалаларына жұмыс сапармен жиі барып тұрамын. Берлинде, Гамбургте болғанда міндетті түрде жергілікті қазақтармен бас қосып тұрамыз. Отбасымен ағайындай араласып тұруды игі дәстүрге айналдырып келеміз.

Гамбургтегі музыкалық мектептің басшысы Томас Ласс - Жаннет арқылы қазақ халқының тамаша қасиеттерін тани бастағанын айтады. Оқушымен қатар олардың ата-анасымен тез тіл табыса алатын ұстазды жұмысқа ойланбастан қабылдаған едім дейді.

ТОМАС ЛАСС, ГАМБУРГТЕГІ МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жан-жақты дарынды, әрі бірнеше музыка аспабында ойнайтын Жаннет жұмысқа бірден қабылданды. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды және неміс балаларымен тез тіл табысып, ата-аналарымен де жұмысты жақсы жүргізіп келеді.

Германияда 250 қазақ отбасы түтін түтетіп отыр. Олардың көбісі 90 жылдардағы елдегі ауыр экономикалық жағдай кезінде басқа елді сағалауға мәжбүр болған. Қазір елдегі экономикалық әлеует бір ізге қойылған соң тарихи отанына оралып жатқандар бар. Соңғы он жылда өз еліне 1 млннан астам адам қайта оралыпты.

БОТАГӨЗ МҰХАМЕДЖАНОВА, ДӘРІГЕР:

 - Мен өзге елде өмір сүрсем де жүрегім елім деп соғады. Мен қазақ екенімді әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Мұндағы қазақтар елді жақсы қырынан танытып жүр. Біз әлемге біздің елде білімді, оқыған адамдардың көп екенін дәлелдегіміз келеді. Неміс халқы біздің кәсіби біліктілігіміздің жоғары екенін біледі. Олар біздің қонақжай, ақ көңіл қасиетімізді бағалайды.

Дәрігер, спорт саласының маманы не мұғалім болсын – неміс қазақтарына ортақ дүние – отанына деген сағыныш. Олар интернет желісі арқылы бір-бірімен қазақша сөйлесіп, айына бір рет кездесіп тұруға асығады. Төріне  Қазақстан туын іліп қояды. Шет елде жүрген қандастарымыздың елге сағынышы ерекше.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер