Орталық Азия елдеріндегі басты оқиғаларға шолу - Kazakh TV

1

Өзбекстан қырғыз  экономикасына инвестиция құя бастады. Алдағы уақытта елде Өзбекстанмен бірлескен тоғыз кәсіпорын ашылады. Бұл туралы Қырғызстанның инвестицияларды қорғау және тарту жөніндегі агенттігі директорының орынбасары Шумкарбек Адилбекуулу хабарлады. Оның ішінде автокөліктерге қызмет көрсететін, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын, пластик бұйымдарын шығаратын өндіріс орындары бар. Тоғыз кәсіпорынның жетеуін қырғыз-өзбек бірлесіп ашады, екеуі өзбек тарапының қаражатына тұрғызылмақ.  Қос тарап  өзара меморандум бекітті, аталмыш жобалар  осы жылдың соңына дейін іске қосылуы керек. Жаңа өндіріс ошақтары Бішкек, Ош, Қара-Балта қалаларында жұмыс істейді.

2

Өзбекстан мен Тәжікстан визалық шектеулерді жоюға уағдаласты. Екі ел үкіметтері тиісті құжаттарды әзірлеп, бекітіп те қойды. Енді  өзбек президенті Шавкат Мирзиёевтің Тәжікстанға сапарында аталған келісімге қол қойылмақ. Тараптар екі ел байланысы бұрынғысынан тереңдеп, медицина мен туризм салаларының дамуына сенім артып отыр.  Самарқанд, Бұхара, Душанбе, Хиуа қалалары арасындағы  жолаушылар тасымалы жылына  150–200 мыңға дейін жетеді деген болжам бар. Айта кетейік,  екі ел арасындағы  әуе қатынасы 1992 жылы  Тәжікстандағы азаматтық соғыс салдарынан тоқтатылған болатын.  2016 жылы бауырлас елдер арасында өзара келісім жүргізіліп, өткен жылдың 4 сәуірінде Ташкент-Душанбе бағыты ашылды.

3

Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан елдерінің қолөнершілері мен тауар өндірушілері  бір алаңда бас қосты. Мәскеудегі «Тишинка» көрме кешенінде «Тюбетейка» шығыс базары ашылды. Енді жергілікті халық Орталық Азия елдерінің мәдениетімен кеңінен таныса алады. Көрме үш бөлікке бөлінген. Бірінші секторда әр ұлттың ұлттық бұйымдары сатылса, екіншісінде қолөнер туындылары қойылған, ал үшінші бөлікте ұлттық тағамдарынан дәм татуға болады. Әсіресе, өзбек палауы келушілер арасында танымал. Шығыс тағамының  дайындалу тәсілін көрсету үшін Өзбекстандағы танымал аспаз Фарух Улугджанов келіпті. Ол жергілікті халыққа арнайы шеберлік сағатын өткізді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер