Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде жаңа Кеден Кодексі күшіне енді

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде жаңа Кеден Кодексі күшіне енді. Цифрлық технологияларға бағытталған бастама Еуразиялық экономикалық одақты халықаралық аренада экономикалық қызметтің субъектісі ретінде таныстырады. Кәсіпкерлер мен кеден қызметкерлерінің тікелей сөйлесуі тыйылып, бірқатар процестер автоматтандырылған жүйеде жүзеге асады. Ал тіркеу уақыты екі есеге, тауарды шығару рәсімі алты есеге азайды. Бұрын 25 сағат уақыт алатын жұмыстар енді бар-жоғы 4 сағатта бітетін болды.  

ТИГРАН САРКИСЯН, ЕЭК АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Кеден кодексіне енгізілген тетіктер интеграцияның дамуын ынталандырады және көп жағдайда бизнес үшін барлық кедендік рәсімдерді жеңілдетеді.

Жаңа кодексте «біртұтас терезе» тетігін енгізу қарастырылған. Енді бұл ортақ қағида 182 миллион адамы бар одақ нарығында жұмыс істейді. Ал нарыққа қатысушылар үйден шықпай-ақ жеке кабинет арқылы мемлекеттік қызметтің көптеген түрін ала алады.

ДМИТРИЙ ЖУРАВЛЕВ, АЙМАҚТАР МӘСЕЛЕЛЕРІ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

 - Ішіне барлық ақпарат жинақталған бірыңғай электронды ақпараттық жүйе жасалады.  «Менің жүк тиелген көлігім немесе контейнерім қай елде, қандай қоймада тұр?» деген сауалдар енді қойылмайды. Бұл дегеніңіз экономикалық қауіпсіздік ұлғаяды деген сөз.

Қолданысқа енген электронды декларация жүйесі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, транзакциялық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, кеденшілердің жұмысын жеделдетеді. Онлайн-декларациялау Қазақстанда кедендік рәсімді экспорттау, тасымалдау жұмыстарынан басталды. Сарапшылардың пікірінше, бұл тізімді жақында импорттау рәсімі толықтырады. Жаңа жүйені кәсіпкерлер бағалап үлгерді.      

ҚАЙРАТ МАУБАЕВ, ҚР ҚМ МКК КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:

 - Электронды декларациялаудың басты басымдығы ешқандай брокер, делдалдың қажеті жоқ. Кез келген жерден электронды декларацияны толтырып, оны тиісті кеден органына беріп, ресімдей аласыз. 02.30 Егер сізге, сіздің тауарыңызға қатысты кеден органдарында ешқандай сұрақ туындамаса, тәуекел бейімдері болмаса,тауар автоматты түрде жауапты тұлғалардың қатысынсыз экспортқа шығарылады.

Сарапшылар прогрессивті нормаларды біртіндеп енгізу интеграциялық бірлестік елдерінде экономиканың көптеген салаларына мультипликативтік әсер беретініне сенімді.