Орталық Азия елдері экологиялық және этнотуризмнің ошағына айналуы мүмкін. Аталған бағыттарды дамыту үшін қажет барлық жағдайлар бар: әрқилы ландшафтар, тарихқа толы көне қалалар, мәдени мұра нысандары, қасиетті орындар мен орта ғасырға тән сәулет ескерткіштері. Осының бәрі өңірдің айрықша брендтеріне жатады. Содан болар, Орталық Азия елдеріне саяхаттаушылар саны жылдан-жылға артып келеді.   

РАШИДА ШӘЙКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Көшпенділер мәдениеті мен олардың тұрмыс-салты, Азия мен Шығыстың мәдениетімен байланысты барлық дүниелер әлем туристерінің қызығушылығын тудырады. Осы бағытты дамыту үшін атқаратын шаруа жетерлік. Сондай-ақ, экотуристердің саны артып келеді. Бұл ретте, географияның кеңейіп, Австралия, Корея, Жапон елдері қосылғанын атап өту қажет.

Орталық Азия елдерінің тарихи және мәдени дамуындағы ортақтыққа қарамастан, әр мемлекеттің этнотуристік әлеуетті пайдаланудың өз жоспары мен бағдарламалары бар. Мысалы, Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік этноауылдар жұмыс істейді. Ондай мәдени кешендердің аумағынан қазақ халқының көшпенді тұрмысының үлгілерімен танысып, ұлттық спорт түрлерін тамашалап, төл өнерден сусындап қайтуға болады. Айта кетерлігі, ЕХРО халықаралық көрмесі кезінде шетелдік қатысушылар мен саяхатшылардың этноауылдарға, көшпенділер мәдениетімен танысуға деген қызығушылығы мен құлшынысы ерекше байқалған болатын.

РАШИДА ШӘЙКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Бүгінде экотуризмге Оңтүстік пен Орталық, Шығыс Қазақстан аумағы сұранып тұр. Табиғат аясында демалыс өткізетін, келушілерді тарихи жерлермен таныстыратын туристік компаниялар жұмыс істейді. Алдағы уақытта ЕуроОдақпен бірлесіп жұмыс істеп, түрлі жобаларды жүзеге асырмақпыз. 2018 жылы келушілер үшін демалатын жаңа аймақтар мен орталықтар ашылады.  

Шетелдік туристер бір сапарда бірден бірнеше орталықазиялық мемлекетті аралап шыққанды қалайды. Сонымен қатар, мамандар Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан, кезінде халықаралық сауда, мәдениет, қолөнер тоғысқан көне шаһарларды көруге ынтық саяхатшылар өте көп екенін айтады. Сондықтан Орта Азия елдерінің компаниялары бірлескен туристік пакеттер әзірлеу жағын ойластыра бастады.

РАШИДА ШӘЙКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Жалпы алғанда, Қазақстан жерлерін көруге қызығушылық танытқан еуропалық туристер үшін біз едәуір шалғайда орналасқанбыз. Сол себепті олар осында келсе, бірден екі-үш елге бару мүмкіндігін қарастырады. Туристер Ұлы Жібек Жолының бойында жатқан қалаларды, таңсық жерлерді бірден аралап шығуды жоспарлайды. Бір сапарында жалғыз қазақ жерінде емес, Бұхараны, Самарқандты көргісі келеді. Сондықтан, біз Өзбекстан, Қырғызстан бағыттарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Келушілердің есебін шығаруға да бұл тиімді болмақ.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта туризм саласында жағажайдағы демалыстан гөрі, экологиялық бағытына сұраныс жоғары. Дегенмен алғашқы түрін дамыту мүмкіндіктері бойынша да Орталық Азия елдерінің әлеуеті айтарлықтай. Аймаққа келген саяхатшылар бір сапарында-ақ, түрлі климаттық белдеулердің ерекшеліктерімен таныса алады. Шыңдарын қар басқан биік таулар, ұшы-қиыры жоқ дарқан дала, қарағайлы орман, суы тұнық өзен-көлдер. Осындай алуан түрлі табиғат аясында тыныстап, демалуға болады. Табиғат таңғажайыптарынан бөлек, тарихи және мәдени нысандар жергілікті халықтардың өткені мен бүгінімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, саланы дамыту мақсатында елдердің бірлесе қабылдап отырған шаралары да әлем саяхатшыларын көптеп тартуға жағдай жасап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер