2017 жылы Орталық Азия елдерінде экономикалық өсім байқалды. Аймақта экспорт пен экономиканы әртараптандыру реформалары жүргізіліп, кәсіпкерлерді қолдауға басымдылық берілді. Нәтижесінде Орталық Азия елдері «Doing Business» бизнесті жүргізуді жеңілдету рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартты. Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы есебіне сәйкес, Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан алда тұр. Еліміз 36шы орында. Өзбекстан болса, 74-інші. Бұл ел биыл бірден 13 сатыға жоғарылап, іскерлік климатты жақсарту бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылған. Тәжікстан да өз көрсеткіштерін 5 сатыға жоғарылатып отыр.

ЖАНГЕЛДІ ШЫМШЫҚОВ, ЭКОНОМИКА ИНСТИТУТЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізде де, Өзбекстанда, өзге Орталық Азия елдердегі көрсеткіштердің жақсаруы аймаққа келетін шетелдік инвесторлардың санын арттырады. Шетелдік инвестиция көлемі неғұрлым көп болса, экономикалық өсім де соғұрлым жоғары болмақ. Сондай-ақ, экономиканың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.

Халықаралық сарапшылар Өзбекстандағы өзгерістерге де оң бағаларын беріп отыр. Брюссельдегі «Vesalius» (Висэлиус) колледжінің доценті, экономист Мунира Аминованың айтуынша, елде қаржы саласын ырықтандыру бойынша бірқатар реформалар жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Өзбекстан өзге елдермен іскерлік қарым-қатынасты нығайтуда.

МУНИРА АМИНОВА, ЭКОНОМИСТ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Өзбекстанның сыртқы және сыртқы экономикалық  саясатында оң өзгерістер болды. 2017 жылдың сәуір айында Өзбекстан сауда келісімдеріне қол қойды.  Ресеймен жалпы сомасы 3 жарым млрд доллар болатын 16 екіжақты келісім-шартқа қол қойылды. Сондай-ақ Корея, Иран сынды елдермен де байланыс орнатылуда. Қазіргі уақытта Өзбекстанның сыртқы экономикалық саясатында Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға ерекше ден қойып отыр. Аймақтағы 5 елмен қатар Ауғанстанмен де әріптестік алға жылжып келеді.  

Биыл Орталық Азияда интеграциялық процестер күшейе түсті,-дейді сарапшылар. Бұған елдер арасында саяси және экономикалық диалогтың нығая түсуі сеп болған. Мемлекет басшылары жиі кездесіп, аймақтық бизнес-форумдар да ұйымдастырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың наурыз айында Астанада Орталық Азия елдері басшыларының бейресми кездесуін өткізуді ұсынған болатын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер