Орталық Азияның инвестициялық ахуалы

Орталық Азияның инвестициялық  ахуалы

Орталық Азия елдерінің инвестициялық тартымдылығы артуда. Аймақтағы әр мемлекет шетелдік бизнесмендердің қызығушылығын арттыру үшін түрлі шараларды қолға алып отыр. Өйткені әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті экономика құру үшін шетелдік капиталдың маңызды екені белгілі. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша Қазақстан көшбасында. Елде ұлттық инвестициялық стратегия да қабылданған болатын. Виза жүйесімен бірге салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұл елімізге инвесторлардың қызығушылық танытып қана қоймай, өз қаражаттарын бағыттау көрсеткішін арттырады.  

ЕРЛАН ХАЙЫРОВ, ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Шетелдік инвесторлар Елбасының тапсырмасы бойынша жасалған елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды байқап отыр. Биыл біз Экономикалық даму және әріптестік ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің құрамына ендік. Біз тек  қолайлы инвестициялық климат жасап қоймаймыз. Инвестордың Қазақстанды таңдауы үшін белсенді жұмыстар атқарып отырмыз.

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия елдеріне инвесторлар қызығушылығының артуы аймақтағы интеграциялық процестердің дамуына жол ашады. Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылым да дами түспек. Бұл тұста «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасының рөлі ерекше.

ЛАРИСА ЖҰМАҒАЛИЕВА, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Қазақстан Орталық Азия аймағында инвестиция тарту көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Аймаққа бағытталған шетелдік қаражаттың 70 пайызы біздің елге тиесілі. Орталық Азия Жібек жолы аумағында орналасқандықтан, бұл мүмкіндікті де қалт жібермеуге тырысудамыз. Қазіргі уақытта біз инвесторларды Ұлы Жібек жолы бойында инфрақұрылым,  көлік-логистикалық орталықтарды құру жобаларына тартып отырмыз. Бұл іс сәтті жүзеге асуда.

Жаңа Жібек жолы тек көліктік-транзиттік жоба ғана емес, бұл бірнеше елдің экономикалық дамуының кешенді  жоспары. Орталық Азия елдері де осы тізімде. Құрылған дәліздер сауда айналымын арттырып қана қоймай, инвестициялық капиталдың еуразиялық және орталықазиялық кеңістікте еркін айналымына жол ашады. Осының арқасында аймақта шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар саны артады.

ЖАНДОС НҰРЛАНОВ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

 - Менің ойымша, Орталық Азия елдері инвесторлар үшін аса тартымды. Қазіргі таңда Өзбекстанда ауқымды өзгерістер болып жатқандығын байқап отырмыз. Бірқатар процестер жылдам әрі сапалы ырықтандырылуда. Біздің оңтүстіктегі  көршіміздің энергетикалық әлеуеті жоғары. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібіндегі мүмкіндіктері де зор. Сондықтан Орталық Азия аймағы инвесторлар үшін жаңа әрі әлеуеті зор аймақ.

Соңғы уақытта аймақтың мүмкіндіктеріне шетелдік бизнестің қызығушылығы артып келеді. Бұған аймаққа келген қаражат көлемінің артуы дәлел. Инвесторлар сан түрлі салаларға қаражат бағыттап отыр. Айту керек, қаржы шикізаттық салаға емес, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға жұмсалмақ.