Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің мәжіліс залына қазақ қызының есімі берілді

Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің мәжіліс залына халықаралық ұйымның қызметіне ерекше еңбек сіңірген қазақ қызы - Алма Оразалинованың есімі берілді. Отандасымыз өзінің іскерлігімен ерекше көзге түскен екен. Өмірден ерте өтсе де даналығымен дараланған жерлесіміздің есімі Америка, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапония елдеріне етене танымал.

ДЖЕЙН КЛЕМЕНТ, БҮКІЛӘЛЕМДІК БАНКТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Алмамен таныс болғанымызға 20 жылдан асты. Кезінде түрлі жобаларды бірлесе атқардық. Тек әріптес емес, жақсы дос болдық. Оның іскерлігіне тәнтімін! Жұмысқа өте тиянақты, әр міндетін мінсіз атқаратын!

Алма Оразалинова Мәскеу мемлекеттік университетінде, Массачусетс технологиялық институтында білім алған. Банк басшылығы оған аса маңызды жобаларды сеніп тапсырып, іскерлік қабілетін жоғары бағалады. Нәтижесінде отандасымыз жүктелген кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, ұжымында зор абырой-беделге ие болды. Алайда, бейнетінің  зейнетін көру маңдайына жазбапты. Ауыр дертке шалдыққан Алма бұдан екі жыл бұрын көз жұмды. 

ДЖЕЙН КЛЕМЕНТ, БҮКІЛӘЛЕМДІК БАНКТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Алманың орны ойсырап тұр.  Ол бүкіләлемдік банкте синдикация және Исламдық қаржыландыру процесі бойынша қажырлы қызмет етті.   

ОЛИМПИЯ АДЖИНО, БҮКІЛӘЛЕМДІК БАНКТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Алмамен 12 жыл әріптес болдым. Банк тарихында оның алатын орны орасан. Іскер, білімді, әрі достыққа адал жан еді.

ЗАУРЕ ШВЕЙД, БҮКІЛӘЛЕМДІК БАНКТІҢ РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕ МАМАНЫ:

 - Оның орнын ешкім алмастыра алмайды. Сандарға, есепке жүйрік еді. Операция жасалып, ауыр  халде ауруханада жатса да математикалық формулаларды сұрап алдыртатын. Есепті шешкенде дертімнен жеңілдеп қаламын дейтін.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ қызы дамушы елдер үшін маңызды жобаларды жүзеге асыра білді. Оның игі бастамалары әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Елге мейірім шуағын төккен Алманың атындағы аудиторияда енді кедей-кепшіктерге көмек көрсетуді көздеген маңызды шешімдер қабылданып жүр.