Орталық Азия елдері көлік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда. Қазіргі таңда аймақ елдері жаңа әуе бағыттарын қарастырып, қолданыстағы рейстер санын арттыруға ден қойған. Осылайша, Өзбекстан мен Қырғызстан астаналары арасындағы әуе байланысы қайта жанданды. Келесі жылдан бастап әуе кемелері Ташкент-Ош бағыты бойынша да ұшатын болады. Рейстерді екі елдің де  компаниялары жүзеге асырады деп жоспарлануда. Айту керек, Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Өзбекстанның тағы бірқатар қалаларымен әуе байланысын орнатуды көздеп отыр. Бұл тұста Самарқанд, Бұқара және Үргеніш қалалары қарастырылуда. Мұнымен қоса еліміздің әуе компаниялары Өзбекстан және Моңғолия тараптарымен арнайы келісімге қол қойған.

ӘДІЛЕТ КӨБЕНОВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ: 

 - Қазақстанның әуе компаниялары Өзбекстан және Моңғолия  тараптарымен «интерлайн келісімдер» жасасты. Оған сәйкес, жолаушылар бірден екі әуе компаниясының билетін сатып ала алады. Яғни бір билетте екі бәрдей әуе компаниясының билеттері болады.

Қырғызстан және Тәжікстан бағыттарына да жүйелі рейстердің санын арттыру жоспарда бар. Қазіргі уақытта Астана-Бішкек және Астана-Душанбе арасында ұшақ күн сайын қатынайды. Алдағы уақытта мұндай бағыттардың саны артады,-дейді сарапшылар. Орталық Азия аймағының өзге де елдерімен байланыс орнатылмақ. Жаңа бағыттарды ашу барынша тиімді, жұмсалатын шығын толықтай ақталады деп отыр мамандар. Тиісті ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, Орталық Азия елдері арасындағы рейстер  бойынша жолаушылар саны 75 немесе одан да көп болатын көрінеді. 

ӘДІЛЕТ КӨБЕНОВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Қазіргі уақытта Астана қаласынан Ташкентке 4 рейс қатынайды. Сондай-ақ Душанбе, Бішкек, Ашхабад бағыттарында да жүйелі рейстер бар. Қырғызстанның Тамшы қаласын да осы тізімге енгізу үшін тиісті жұмыс атқарылуда. Түркіменстан бағыты бойынша Түркімен әуе жолдары Ашхабад-Алматы рейсін жасайды.

Аймақта жаңа әуе рейстерінің дамуы көршілес елдердің әлеуметтік-экономикалық байланысының дамуымен байланысты,- дейді мамандар. Бұдан бөлек, Қазақстан астанасының орналасқан жері елордамыздың еуразиялық және орталықазиялық аймақтағы транзиттік хабқа айналуына мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер