Өзбекстан экономикасының дамуы

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Өзбекстан нарығына инвесторлар қызығушылығы артуда. Брюссельдегі «Vesalius» колледжінің доценті, экономист Мунира Аминованың айтуынша, елде қаржы саласын ырықтандыру бойынша бірқатар реформалар жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Өзбекстан өзге елдермен іскерлік қарым-қатынасты нығайтуда. Елдің дамуын Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес-2018» рейтингінен де аңғаруға болады. Тізімде республика 13-ші сатыға көтеріліп, 74-ші орынға тұрақтаған. Осылайша, Өзбекстан бизнеске жасалған жағдайды дамытып жатқан 10 әлемдік көшбасшы қатарына енді.

МУНИРА АМИНОВА, ЭКОНОМИСТ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Өзбекстанның сыртқы және сыртқы экономикалық  саясатында оң өзгерістер болды. 2017 жылдың сәуір айында Өзбекстан сауда келісімдеріне қол қойды. Ресеймен жалпы сомасы 3 жарым млрд доллар болатын 16 екіжақты келісім-шартқа қол қойылды. Сондай-ақ Корея, Иран сынды елдермен де байланыс орнатылуда. Қазіргі уақытта Өзбекстанның сыртқы экономикалық саясатында Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға ерекше ден қойып отыр. Аймақтағы 5 елмен қатар Ауғанстанмен де әріптестік алға жылжып келеді.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттің аймақтағы елдермен байланысын күшейтуіне Орталық Азияның экономикалық форумы оң ықпалын тигізбек. Оны өткізу бастамасын Самарқандтағы халықаралық конференцияда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев көтерген болатын. Шара Орталық Азия елдері көшбасшыларының басын қоспақ. Жиында аймақ үшін өзекті мәселелер талқыланады деп жоспарлануда.