Шетелдік бизнес Орталық Азиядағы «жасыл» энергетиканы дамытуға инвестиция бағыттауға әзір

Шетелдік бизнес Орталық Азиядағы «жасыл» энергетиканы дамытуға инвестиция бағыттауға әзір. Қазіргі таңда аймақта баламалы энергия көздері мен энергия үнемдеуші жобаларды жүзеге асыру әлеуеті артып келеді. Бұдан бөлек, еліміз заңнамалық кедергілерді жойып, «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын әзірлеуде. Жаңғыртылатын энергия көздерін дамытуға ден қойылып отырғанына аймақ елдері өкілдерінің жиі кездесуі дәлел бола алады.

ОЛИВЬЕ ШАЗАЛЬ, ҚОРШАҒАН ОРТА МЕН ЭНЕРГИЯ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛІ  /ФРАНЦИЯ/:

 - Бұл жерде жел, күн және гидроэнергетиканың зор әлеуеті бар. Орталық Азия өзінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, «жасыл» жобаларды жүзеге асырып, энергия тиімділігін арттыруы тиіс. Сол кезде аймаққа инвесторлардың қызығушылығы артатын болады. Өйткені аймақта жаңғыртылатын энергетика саласында жұмыс істейтін  айтарлықтай көп компания жоқ. Ал жел немесе күн энергиясын дамыту үшін қолайлы жер қажет. 

Тағы бір маңызды жайт  - Орталық Азия елдерінің бәрі климаттың өзгеруіне қатысты Париж келісімінің мүшелері. Құжатта жаһандық температураның көтерілуін Цельсий бойынша бір жарым градустан асырмау міндеттелген. Қазіргі таңда аймақ елдері климаттық тәуекелдерді азайтудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Тұрақты даму үшін «жасыл инвестициялар» тартылуда. Бұл тұста ірі шетелдік компаниялардың ғана емес, халықаралық қаржы ұйымдарының да қызығушылығы мол.  Олар маңызды жобаны қаржыландырудан қашанда даяр екендіктерін жеткізді.

АЛИЯ ЦХАЙ, МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДИПЛОМАТИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Еуропалық даму банкі Орталық Азияда 2 бірдей жобаны қаржыландырып отыр. Оның біреуі Тәжікстандағы энергия тиімділігін жақсартуға арналған. Екіншісі, біздің елде, яғни Қазақстанда күн батареялары паркін салуға қаржы бағыттайды. Халықаралық серіктестер қолдап отырған бұл жобалар Орталық Азия елдерінде жүзеге асырылуда. Яғни энергия үнемдеуші технологиялар мен баламалы энергия көздерін пайдаланудың нақты түсінігі қалыптасуда. 

Сарапшылардың айтуынша, аймақта баламалы энергия көздерін дамыту бойынша күш біріктіруге Халықаралық «жасыл» технологиялар мен инновациялық жобаларды дамыту орталығы сеп болмақ. Ол «ЭКСПО» базасында Астанада құрылған болатын. Орталықтың басты бағыты – энергетика саласын жаңғырту, үздік тәжірибе алмасу, қаланың тұрақты дамуы мен «жасыл кәсіпкерлікті» дамыту. Айту керек, орталық Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан сынды Орталық Азия елдерімен қатар Иран, Ауғанстан, Моңғолия және Әзербайжан мемлекеттерін де қамтитын болады.