Орталық Азия елдері туризмді дамытуға ден қойды. Жібек жолы бағдарламасы бұл бағыттың алға жылжуында маңызды рөл атқарып отыр. Қазіргі таңда құрлықаралық бағыт жұртшылықтың қызығушылығына ие әлемдік брендке айналып үлгерді. Саяхатшыларды бұл жол бойында өмір сүретін халықтардың ерекше мәдениеті, бай мұрасы мен табиғаты қызықтыруда. Мәселен, Өзбекстанда туристерге Хиуадағы  Ичан-Қала  және Самарқандтағы Гур-Эмир сынды орта ғасырлардағы сәулет өнерінің туындылары ұсынылады. Түркменстан болса, «Динозаврлар мекені», Дарваезедегі газ кратері және ақмәрмәрлі Ашхабадпен таң қалдырмақ. Көне киелі жерлер мен заманауи Астана және Алматы қалалары  Қазақстанға келетін туристерге арналмақ. Ал демалыстарын белсенді өткізуге үйренген  туристер Памирдің шыңын бағындыру үшін Тәжікстанға аттанатын болады.

АЯ ҚҰСАЙЫНОВА, ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстанда эко және этно-туризмді дамытсақ, Өзбекстанда тарихи және мәдени туризмге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені оларда қаз-қалпында сақталған көне тарихи ескерткіштер мен орындар бар. Бізде, негізінен, этнотуризм дамып келеді. Бұл тұста біз Қырғызстанмен  ұқсаспыз. Өйткені мәдениетіміз бен тарихымыз ұқсайды. Сондықтан бір-бірімізбен әріптестік орнатып, туристерге қолайлы жағдай жасау мәселесін қарастырып отырмыз.

Қазіргі таңда туристерді «Жібек жолы» туры қызықтырып отыр. 10 күн ішінде бірнеше Орталық Азия елін аралау мүмкіндігі қарастырылған. Кезінде халықаралық сауда, қолөнер орталығы мен мәдениеттер тоғысқан Тараз, Түркістан, Сайрам, Ташкент, Бұхара, Самарқанд сынды жерлерді көруге болады. Мұндай жолдамалар негізінен Еуропа елдері мен Үндістан тұрғындары арасында сұранысқа ие. 

БАҚДАУЛЕТ ТАШМАНОВ, ҰЛТТЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізге келетін туристердің дені – қытайлықтар мен жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ Өзбекстан және Иран елінен де келушілер бар. Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен бірге Самарқанд, Бұқара және Хиуа бағыттары бойынша бірлесе жұмыс істейміз. Өйткені бұл қалалар біздің тарихымызбен байланысты. Сондықтан бұл бағытты бірлесе дамытуымыз керек деп ойлаймын.

Аймаққа келетін туристердің санын арттыру үшін визалық жүйе жеңілдетілуде. Қырғызстан 58 елдің азаматтары үшін визасыз жүйе орнатқан. Өзбекстанда – 35 , Қазақстанда 63 ел үшін дәл осындай жеңілдік қарастырылып отыр. Тәжікстанда болса, 80 елдің тұрғындарына виза 3 күннің ішінде беріледі. Орталық Азияға келетін туристер өзге бағыттармен салыстырғанда көрсетілетін қызметтің қолжетімді екенін атап отыр. Тіл мәселесінде де айтарлықтай қиындық туындамайды. 

АЯ ҚҰСАЙЫНОВА, ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Таулар мен кең байтақ далаға келіп, ат мініп, киіз үйде тұру туристер үшін аса қызық. Біздің табиғатымыз бай, сондықтан экотуризмді дамыту маңызды. Өйткені әлемде өркениет жетпеген жерлер аз. Ал бізде мұндай жерлер жетерлік. Мұны тиімді пайдаланып, туристердің қызығушылығын арттыруымыз керек деп есептеймін.

ЭДМОНДО ЧИРИЕЛЛИ, ИТАЛИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Италиялықтар және жалпы еуропалықтар үшін таңсық жерлерге саяхат жасау жанына жақын болып келеді. Сондықтан, Еуропа мен Азияның арасында алтын көпір болған Қазақстанның бірегей тарихы батыс үшін өте қызықты бағыт болары сөзсіз. Бүгінгі таңда мемлекет туризмі жақсы ұйымдастырылған,қауіпсіз ел болып саналады.

Сарапшылардың айтуынша, аймақтың туризмді дамыту әлеуеті зор. Оның үстіне Орталық Азия елдері бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруға әзір. Әкімшілік кедергілерді жою арқылы туристер ағынын ұлғайтуға жағдай жасалмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер