Әлемнің 60 елінен екі мыңға жуық делегат. Тбилисидегі «Жібек жолы» форумы Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Еуропа, Қытай және басқа да мемлекеттердің билік және бизнес өкілдерінің басын қосты. Ауқымды жиын соңғы үш жылда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы форум Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бастамасына бағытталған. Қаузалған тағы бір тақырып –Транскаспий дәлізі.

ВЕНЧАЙ ЖАНГ, АЗИЯЛЫҚ ДАМУ БАНКІНІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ /ҚЫТАЙ/:

 - Бүгін Батыс-Шығыс дәлізі, сол сияқты жылдар өткен соң Солтүстік пен Оңтүстіктің қосылғанын қолдайтын боламыз. Бұл барлық әлемді біріктіретін ауқымды жоба болып отыр. 

Форумда Грузияның үкімет басшысы сөз алып, көне сауда жолын заманға сай жаңғыртудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол тіпті, Жаңа Жібек жолын да болашақта «Ұлы» деп айтуға болатынына тоқталды.  

ГЕОРГИЙ КВИРИКАШВИЛИ, ГРУЗИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Қытай Халық Республикасының бастамасымен «Белдеу және жол» атауындағы Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы 5 негізге сүйенеді. Ол: бейбітшілік, аман-саулық, ашықтық, инновация және мәдениеттілік. Осы конференция бізге жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Кезінде елдердің арасында экономикалық байланыстардың дамуында зор қызмет атқарған Жібек жолының қайта жаңғырып, жаңаруына  Қазақстан зор ықпал етеді. Сол себепті Тбилисиге біздің елдің өкілдері де  арнайы барды.

МАҚСАТ ҚАБАШЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМIР ЖОЛЫ» ҰК ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мұнда Қазақстан негізгі рөлді атқарады. Соңғы бес жылда бұл бағытқа қомақты қаржылар салынды. Сол себепті Шығыс Қытайдан Түркияға жүк тасмалдауды еркін және екі аптада жүзеге асыруға болады. Контейнерлер Қытайдан және Қазақстаннан өтеді. Жаңадан салынған бір жарым мың шақырым  жол жұмыс істеп тұр. Бұл барлық қатысушылар үшін ауқымды интеграциялық жоба болары сөзсіз.

Сондай-ақ, Қазақстан Грузияға транзитті мемлекет ретінде қызығушылық танытып отырғанын айта кету керек. Тіпті, Батуми кемежайын 49 жылға жалға алды. Ал, «Бір белдеу, бір жол» жобасының басты жетістігі – жақында ашылған «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол бағыты. Енді, 20-шы желтоқсан күні жаңа саладағы Анаклия терең кемейжайымен серіктестік орнатылмақ.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер