Ұлы Жібек жолы бойымен саяхат жасағысы келетіндердің 47 пайызы Орталық Азия елдерін аралауға мүдделі. Олар ерекше саяхат барысында  Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан жерлеріне міндетті түрде аялдайды. Танымал америкалық сайт Tripadviser-дің зерттеу нәтижесі осындай. Сауалнамаға қатысушылар Орталық Азия елдерінде бірыңғай туристік визаның болуын қалайтындықтарын жеткізіпті. Қазіргі таңда жаңа брендке айналған Ұлы Жібек Жолы жобасына қызығушылық арта түсуде. Әлемнің әр түкпірін кезген саяхатшылар үшін бұл мүлдем жаңа бағыт. 

ТИМУР ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ұлы Жібек жолының орталығы –Орталық Азия жері. Туристердің дені Өзбекстанға жол тартпақ ниетте. Алайда мұның арқасында Қазақстанның да мүмкіндіктері кеңейеді. Өйткені өзбекстандық тарихи жерлерге  қазақстандық ұлттық парктерді қоссақ, бұл бағытқа деген сұраныс еселенеді. Сондықтан Ұлы Жібек Жолы брендін дамыту үшін күш біріктіріп, бағдарды бүге-шүгесіне дейін зерттеу керек. Бұл тұста бағдардың нақты жоспарын жасау маңызды.

Көктемде Қазақстанға белгілі поляк саяхатшысы Яцек ПалкЕвичтің экспедициясы келмек. Гоби, Сахара шөлдері мен Атлантиканы кесіп өткен саяхатшы енді Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытын бағындырмақ. Экспедиция аясында 10 мың шақырымды артта қалдыру көзделіп отыр. Саяхат сәуірде Қытайдан басталып маусым айында Польшада аяқталмақ. Жобаның дені Орталық Азия елдерімен өтетін болады. Яцек Палкевич бастаған топ Қазақстанға «Қорғас» аумағынан келеді. Экспедицияға қатысушылар Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолымен өтуді жоспарлауда. Жол-жөнекей Есіктегі Алтын адам музейіне де соқпақ.  Кейін Алматы –Бішкек жолына шығып, Тамғалы петроглифтерін көретін болады.

ЯЦЕК ПАЛКЕВИЧ, ПОЛЯК САЯХАТШЫСЫ, ЗЕРТТЕУШІСІ:

 - Ұлы Жібек жолы жобасы менің идеяммен ұштасады. Марко Полоның тарихи жолымен байланысты. Ал екінші мақсат – осы жолды жандандыру. Оның барша әлем үшін қаншалықты маңызды болғандығын көрсету. Өйткені бұл жолдың тек қана коммерциялық жол болмағандығын біле бермейді. Ол дін, мәдениет және ғылымдарды тоғыстырған жол болатын. Бұл әлемдегі алғашқы жаһандану болатын.

Қырғызстандағы бағдарды жергілікті тарап әзірлемек. Алайда экспедицияның Бішкектен Ош немесе Жалал-Абад арқылы Өзбекстан аумағына баратыны белгілі. Ол жерде дәстүрлі Ташкент-Бұқара-Самарқанд жолы бар. Бұдан соң экспедиция қайтадан Қазақстанға оралмақ.   Саяхатшылар Шымкент, Отырар, Түркістан қалаларында болып, көне Сауран қалдықтарын көрмек. Сондай-ақ жолда Ақсу-Жабағалыға да соғады.  

ТИМУР ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл экспедиция арқылы Ақсу-Жабағалының қызғалдақтар  отаны екенін жұртшылыққа жеткізбекпіз. Жібек жолы арқылы қызғалдақтар алдымен, Иранға, Түркияға жөнелтілген,  кейін Еуропаға да жетті. Сондай-ақ экспедиция арқылы Ботай мәдениетімен кеңірек таныстыруды жоспарлап отырмыз. Оның жылқыны қолға үйретудің тарихи орталығы болғаны белгілі. 

Экспедиция Қазақстанның киелі жерлерін 8 күн аралайтын болады. Мұндай үлкен саяхат соңында Яцек Палкевич кітап жазып, көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазақстандық тарап болса, халық назарына деректі фильм ұсынылуы да әбден мүмкін деп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер