Орталық Азия елдеріндегі білім беру үрдісі жаңа деңгейге көшті. Қазіргі таңда аймақтың Жоғары оқу орындары  тың тәжірибелерді меңгеріп, әлемдік инновацияларды енгізуде. Сондай-ақ, бірлескен жобалар қолға алынды. Елдердің бір-біріне жақын орналасуы мен халықтар арасындағы жылы қарым-қатынас осыған ықпал жасап отыр. Мәселен, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Баласағүни атындағы Қырғыз ұлттық университеті мен «Манас» Қырғыз-түрік университеті арасында бірлескен «Орхон» жобасы іске асырылуда.

БАУБЕК СОМЖУРЕК, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ  ПРОРЕКТОРЫ:

 - Бұл бағдарлама түркітілдес елдердің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға арналған. Қазіргі таңда біздің университетте түркиялық бір студент осы бағдарлама бойынша білім алуда. Академиялық ұтқырлық жүйесі дамып келеді. Оқытушылар мен студенттер алмасу мәселесі оң жолға қойылды.

Орталық Азия елдері студенттер алмасу мәселесіне аса көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің студенттері білім алуда. Айту керек, жоғары оқу орнына, әсіресе, өзбекстандық талапкерлердің қызығушылығы зор. Еуразия ұлттық университетінде бұл елдің 130 студенті оқиды. Гайрат Абдужаборов – солардың бірі. Қазақстанға ЕХРО көрмесін тамашалауға келген Гайрат, осында білім алуды шешіпті. 

ГАЙРАТ АБДУЖАБОРОВ, СТУДЕНТ /ӨЗБЕКСТАН/:

 - Астанаға келген кезде қазақстандық жоғары оқу орындарын көрдім. Кейін осында оқуға түсемін деген шешім қабылдадым. Таныстарым Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетіне оқуға түсуге кеңес берді. Маған Қазақстанда өте ұнады. Мұнда жақсы білім алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ көп дос таптым. Оқуым өзіме ұнайды.

Аймақ елдерінің білім министрліктері арасында да тығыз байланыс орнаған.

Биыл Қазақстанның тиісті ведомствосы мен Халықаралық бағдарламалар орталығы Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде білім жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шара аймақта жергілікті жоғары оқу орындарының танымалдығын арттырып отыр.

ШЕРЗОД БАБАКУЛОВ, СТУДЕНТ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

 - 10 сыныпта оқып жүрген кезімде Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсемін деп жоспарлаған болатынмын. Қырғызстанда бұл ЖОО танымал. Мұнда араб тілі мектебінің жақсы екенін білдім. Университетте менің көптеген отандастарым оқиды. Алайда тобымдағы достарыммен де қарым-қатынасым жақсы.  Халық өте жылы шырайлы.

Болашақта Орталық Азия елдері бірыңғай білім кеңістігін құруға мүдделі. «Ол үшін барлық жағдай бар», -дейді сарапшылар. Тіл мәселесінде қиыншылықтар туындамайды. Гранттар мен шәкіртақы жүйесі енгізілген. Мұнымен қоса, аймақтағы Жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары арасындағы байланыс нығайтылуда. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер