Орталық Азия елдері инвестициялық тартымдылығын арттыруда. Ол үшін мемлекеттер заманауи тәсілдерді қолданып отыр. Шетелдік бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Салықтық төлемдердің мөлшері қысқартылып, кедендік баж салығының сомасы  азайтылып отыр. Аймақтың дамыған инфрақұрылымы мен көліктік-логистикалық жүйесі – инвесторлардың қызығушылығын арттыратын басты факторлардың бірі, дейді мамандар. Мәселен, Қазақстанда шетелдік серіктестер үшін заттай гранттар, жеңілдетілген салықтық және визасыз жүйе қарастырылған. Сондай-ақ, бұл тұста елдің орналасқан жері де артықшылықтар қатарында. Шетелдік кәсіпкерлер үшін аса маңызды салалардың ішінде дәстүрлі кен саласы ғана емес, өңдеу саласы да бар. 

БАЛТАБАЙ СЫЗДЫҚОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:  

 - Соңғы 10 жылда аймаққа 150 миллиард доллар көлеміндегі инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі, шамамен 80 пайызы Қазақстанға бағытталып отыр. Біздің аймаққа инвесторлардың келуінің басты себебі – минералдық ресурстар мен минералдық базаның бай болуы. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері әр елде бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Олардың арқасында инвестициялық ахуал, мейлінше, жақсарып отыр. Қазіргі уақыттағы жағдайдың барынша қолайлы екенін атап өткім келеді. Инвесторлар да мұны байқап отыр. 

Қазақстанда кәсіпкерлер үшін бизнесті жеңілдету бойынша бірқатар реформа жүргізілді. Оның нәтижесін Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясының «Doing Buisness-2018»  рейтингінен көруге болады. Аталған тізімде еліміз 36-шы орынға тұрақтап отыр. Миноритарлы инвесторларды қолдау, кәсіпорындарды тіркеу, электр қуатына қосу, мүлікті тіркеу және келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету сынды тұстар бойынша еліміз көшбасшылар қатарында. Айту керек, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестиция жөніндегі комитетіне енді. Сондай-ақ, шетелдік жұмысшыларды тарту талаптары да жетілдірілді. Жоғарғы сот жанынан инвестициялық дауларды шешетін мамандандырылған сот алқасы құрылды. Бизнесті жауапкершілікпен жүргізу жөніндегі ұлттық байланыс орталығы да жұмысқа кірісті.

АГРИС ПРЕЙМАНИС, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕҢЕСІ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қолайлы инвестициялық ахуал дегеніміз не?  Бұл белгілікті заң жүйесінің қалыптасуы, яғни заңның үстемдігі. Қазақстанда осы мәселелер жан-жақты қарастырылып, шешімін табуда. Соңғы 4-5 жылда елдің  инвестициялық тартымдылығы артты. Тиісінше, инвесторлардың  қызығушылығы да өсіп отыр. 2014 жылы елде жаңа инвестициялық заң қабылданды. Мұнымен қоса, түрлі салалардағы алға жылжуды атап өтуге болады. Тарифтер болсын,  жасыл экономика саласы болсын қарқынды дамып келеді.

Өзбекстан да аймаққа инвестиция тартып отырған маңызды ел. Көршілес мемлекеттегі тұрғындарының саны, жақсы шикізаттық база, экономиканың әртараптандырылуы мен ірі нарықтарға жақын болуы елдің бәсекелік артықшылығы, дейді мамандар. Қазіргі таңда бұл елде шетелдік инвесторлардың әрқайсысына жекелей жеңілдіктер қарастырылған. Алайда алдағы уақытта жеке инвесторларға емес, бүтін салаға жеңілдіктер жасауға  көшу қарастырылуда. Осылайша, нарықтағы бәсекелестікті дамыту көзделіп отыр. Елдің экономикасы әртараптандырылған. Машина жасау саласы айтарлықтай дамып отыр. Заманауи көліктерден бастап ауыл шаруашылығы техникасына дейін шығарылады. Мұнымен қатар, Өзбекстан химия, тоқыма, тамақ, құрылыс материалдары, электроника мен электр техникасын шығаратын аймақтағы ірі өндіруші.

АГРИС ПРЕЙМАНИС, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕҢЕСІ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Жыл басынан бері елде экономиканы ырықтандыру мен  түрлі салаларды дамыту бойынша түрлі реформалар жүргізілді. Өзбекстандағы өсім, әрине, Қазақстан үшін, барша Орталық Азия аймағы үшін аса тиімді. Оның арқасында қазақстандық компаниялар мен шетелдік бизнеске зор мүмкіндік ашылады. Және де аймаққа келетін инвесторлардың саны барынша артады деген ойдамын.

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия мемлекеттерінде бүгінде инвестиция тартудың мүлдем жаңа моделі қалыптасып келеді. Қабылданып жатқан шаралар елдер экономикаларының өсіп-өркендеуін және жалпы аймақтың гүлденуін қамтамасыз етеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер