Халықаралық көлік дәліздері ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашады. Вашингтонда Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы көлік жүйесін дамыту жайы сөз болды. Басқосу Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағытының ашылуына арналды. Іс-шараға бірнеше мемлекеттің елшілігі, сондай-ақ, америкалық үкімет пен бизнес-құрылымдардың өкілдері қатысты. Кездесуде Қазақстандағы көлік дәліздерінің рөлі де сөз болып, еліміздің қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысатыны белгілі болды. Мұндағы мақсат бір – жолаушыларды діттеген жеріне жылдам жеткізіп, тауарларды уақытылы апару.

ГАРИ ЛИТМАН, АҚШ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Баку-Тбилиси-Карс темір жолының ашылуына арналған кездесуді аяқтадық. Бұл – Қазақстан қатысып жүрген үлкен жобаның бір бөлігі. Елдеріңіз еуразиялық идеясының көшбасшысы болып, көрші елдерді нарыққа қосу үшін көп жұмыс атқарды. Біз, американдық бизнес ортаның өкілдері ретінде, аймақтарыңызда Қазақстан сияқты мықты серіктестеріміздің болуын қалаймыз. Осы теміржолмен адамдар әлемді аралап, пайдасын көреді деп үміттенемін.

Баку-Тбилиси-Карс бағыты іске қосылғаннан бері транскаспий бағдарына қатысушы елдердің жүк тасымалы артатындағына сенімі күшейді. Өйткені, алғашқы 10 айдың өзінде халықаралық дәлізбен 1 миллион 85 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, жоспар 80 пайыз артығымен орындалды. Ал, жыл соңына дейінгі жоспар – көрсеткішті 1,3 миллион тоннаға жеткізу.

ҚАНАТ АЛПЫСБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қауымдастықтың барлық мүшелері келесі жылға тасымал жоспарын бекітті. Басты мақсатымыз жүк айналымын 3,5 миллиона тоннаға жеткізу. Оның ішінде 15 мың контейнерді Түркия-Қазақстан, Орта Азия, Қытай бағытында өткізу көзделіп отыр. Ал, 2020 жылға қарай көрсеткішті 7-8 миллион тонаға жеткізуге болады.

2018 жылы Қазақстан аталған бағытпен тек дәстүрлі мазут пен дизель отынын ғана емес, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдеріне астық тасымалын да жандандырмақ. Сонымен қатар, халықаралық нарыққа Қазақстаннан химиялық өнімдер, түсті металдар және көмір тасымалданады.

ДЖАВИД КУРБАНОВ, «ӘЗЕРБАЙЖАН ТЕМІР ЖОЛДАРЫ» ЖАҚ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы жүк ағыны соңғы 9 айда өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 1 жарым есе өсті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Яғни, дәліз ойдағыдай жұмыс жасап, өз жемісін беріп жатыр. Біздің бағалауымызша, 2019 жылы жүк тасымалы қосымша тағы 3-4 млн тоннаға ұлғаюға тиіс.

Осылайша, Халықаралық Транскаспий көлік бағдарының қатысушылары 2020 жылға қарай жүк тасымалын 5 есе арттыруды көздеп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер