Бүгін Қазақстанда Дүниежүзілік балалар күні аталып өтуде. Бұл – БҰҰ Бас Ассамблеясы 1954 жылы жариялаған мереке. Ол бар әлемдегі балалардың аман-саулығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылға арналған. 20 қараша күні БҰҰ Бас Ассамблеясы 1959 жылы Балалар құқығы туралы декларациясын қабылдаса, араға 30 жыл салып 1989 жылы Балалар құқығы туралы Конвенция бекітілді.

ЮРИЙ ОКСАМИТНЫЙ, ЮНИСЕФ-ТІҢ ҚР-ДАҒЫ ӨКІЛІ:

– Қазақстан балалардың құқықтарын қорғаумен байланысты мәселелерді ұлттық деңгейде шешіп қана қоймай, сонымен қатар, халықаралық іс-қимылдарға да белсене араласып отыр. Балалар құқығы туралы конвенцияға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы қол қойған. Содан бері денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салаларда елеулі ілгерілеушілік байқалды. Сол себепті біз осы халықаралық мерекені үлкен жетістіктермен қарсы алып отырмыз.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл күні бүкіл әлемде түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілдігі мектеп оқушыларына арнап Қазмедиа орталығына экскурсия ұйымдастырды. Балалар «Хабар» Агенттігі журналистерінің жұмысымен танысып, ТМД-да баламасы жоқ роботталған телестудияны тамашалады. Ақпараттық-танымдық экскурсияға келгендер арасында келешекте журналист болуды армандап жүрген балғындар да бар болып шықты.

РИШАТ АБЗАЛИМОВ, АСТАНА Қ. №31 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ОҚУШЫСЫ:

– Маған журналистердің жұмысы ұнады, олардың өз ісінің шебері екеніне көзім жетті. Әрине, бұл – мен үшін жаңа тәжірибе. Қазмедиа орталығында әр адам өзіне ұнайтын жұмыспен айналыса алады. Тіпті журналистердің өздері әр сала бойынша ақпарат жинауға маманданған.

Мереке шеңберінде республикада балаларға арналған өзге де шаралар өтті. Басты міндет – балғындарға өз қажеттіліктері мен қызығушылықтарын танытуға мүмкіндік жасау. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер