Италияның Верона қаласында халықаралық компаниялардың мыңнам астам өкілі Еуразиялық экономикалық форумға жиналды. Олар тек Еуропа елдерінен емес, АҚШ, Оңтүстік Америка, Қытайдан келді. Себебі 180 миллиондық нарығы бар Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық орнатқысы келетін елдердің саны жылдан-жылға артып келеді. Форумда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері де таныстырылды.

АНТОНИО ФАЛЛИКО, «ПОЗНАЁМ ЕВРАЗИЮ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз Еуразиялық одақ құру идеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екенін әуелден-ақ түсіндік. Алқалы жиынды еуразиялық форум ретінде өткізе бастадық. Биыл оған «Қазақинвест» қатысып отыр. Форумға қазақстандық компанияларды көптеп тартуға тырысып жатырмыз. Қазақстан сарабдал сыртқы саясат жүргізіп келеді. Геосаяси рөлінің арқасында Қазақстан біз үшін Еуразиядағы қарым-қатынасты дамытудың маңызды арағайыны іспеттес. 

Италияға жиылған инвесторлар Казақстанда бизнес жүргізу шарттарымен таныса алды. Ол үшін «Қазақинвест» компаниясы форум аясында бірқатар маңызды кездесулер де өткізген.

БІРЖАН ҚАНЕШЕВ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ерекшелігі осы форумның бұл жерге үкімет тарапынан, инвесторлар, соның ішінде транснационалды компаниялардың көбісі қатысып жатыр. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан я жұмыс істеуді жоспарлап жатқандар бар.

РОМАНО ПРОДИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - 2012-ші жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Еуроодақ экспортындағы үлесі 8 пайыздан асатын. Қазір 4,8 пайызға дейін төмендеп қалды. Осында жиналуымыздың себебі де осы. Біз Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы диалогты қайта бастауға ниеттіміз.

Еуропалық одақ Еуразиялық экономикалық одақтың ең басты сауда серіктесі болып қала бермек. Себебі Кәрі құрлық елдерінің одақтың сыртқы сауда-саттықтағы үлесі шамамен 50 пайызға дейін жетеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер