Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер басшыларының кеңесіне қатысты. Ресейдің бір жылдық төрағалығының қорытындысы шығарылған саммитте ұйымды трансформациялау жайы айтылды. Бұл бастаманы өткен жолғы басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Мақсат – ұйым институттарының тиімділігін арттыру. Сондай-ақ, отырыста Нұрсұлтан Назарбаев өзара сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға назар аударды. Бұдан бөлек, президент осыдан 10 жыл бұрын қабылданған ТМД-ның одан әрі даму концепциясын жетілдіруге шақырды. Құжатты қайта қарап, қазіргі заманға бейімдеу керек деді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында ТМД елдеріне сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетіп, экономикалық өсімнің жаңа ресурстарын іздеу қажет. Қазір қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің бірі – қызмет көрсету нарығы. ТМД аумағында қызметтердің еркін саудасы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, елдердің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге көтереді. Үкімет басшыларының кеңесіне және атқарушы комитетке қызметтердің еркін саудасы туралы келісім жобасын жасап, оны жақын уақытта қабылдауды тапсыруды ұсынамын. 

Жалпы, саммитте 20-ға тарта мәселе қаралды. Қауіпсіздік, қорғаныс, бейбіт мақсатта ғарышты бірлесіп игреу және тағы басқа. Айта кетерлігі, биыл гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән берілуде. Көшбасшылар 2017 жылды отбасы институты мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау жылы деп жариялауы сондықтан. Осыған орай тиісті мәлімдеме қабылданды. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.

ЖОҒАРЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

ТМД басшыларының басқосуы бірден Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына ұласты. Жабық есік жағдайында өткен жиында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения мен Қырғызстан көшбасшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. Соның негізгісі – 2025 жылға дейінгі цифрлық теxнологияларды дамыту жоспары. Бұл бағдарламалық құжат Еуразиялық бестікке  электрондық сауданы  бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, жаһандық цифрлық трансформацияға қарай жасалған ірі қадам. Осы орайда Қазақстан 2018 жылы жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің цифрлық экономика жөніндегі арнайы кездесуін өткізуге шақырды. Сонымен қатар, одақ көшбасшылары  интеграциялық бірлестіктің даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. Одақ сәтті қызмет етіп келеді. Бастысы, интеграция экономикалық өсімге ойдағыдай әсер етуде. Сөйтіп, ІЖӨ жиынтығы биыл 1,8 пайызға артты. Өсім стратегиялық өндіріс салаларында байқалуда. Ал Сыртқы сауда көлемі 26 пайызға өскен. Келер жылы одаққа төрағалық ету тізгіні Ресейге беріледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер