Германияның Эренхайн Цайтхайн кешенінде 1941-ші жылы тұтқынға түсіп  мерт болған қазақ жауынгерлерінің есімі анықталды. «Бабалар ізімен» экспедициясы зұлмат жылдардың зобалаңына куә болған жерге арнайы барып, қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етті. Беларусь аумағындағы Брест маңындағы шайқаста жан алысып, жан беріскен жауынгерлердің арасында 500-ден астам қазақстандық болған. Фашистердің қолына түскен солдаттардың көбі бүгінгі Берлиннен 150 шақырым жердегі лагерьге жеткізілген. Ағаштан соғылған мына зындан – сол зұлматты күндердің куәгері. Тіптен, жауынгерлердің төбедегі ағашқа жазған күнтізбесі бүгінге дейін сақталған. Сол жылдары осы лагерьде 30 мыңға жуық солдат мерт болған екен.

 

БЕРНД ФИШЕР ТАРИХШЫ:

 - Тұтқынға түскендер ату жазасына кесілмеген, зорлық-зомбылық көрмеген. Олар аштықтан, шөлден мерт болған. Тазалық талаптары сақталмағандықтан, эпидемия да тараған. Мына екі қорымда шамамен 10 мыңнан астам жауынгер жатыр.

«Бабалар ізімен» экспедициясы осында сүйегі жатқан 150 қазақ жауынгерінің тізімін алды. Экспедиция жұмысын аяқтап, елге оралғаннан кейін олардың туған-туысқандарын іздеуді жоспарлап отыр. Бейбіт күндегі Берлинде біздің бабаларымыздың ізі сайрап жатыр. Миллиондаған жанның өмірін қиған, оқ пен оттың ортасындағы арпалыстың соңғы нүктесі 1945 жылы Рейхстагта қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев ту тіккенде қойылды.

Жырақта топырақ бұйырған қазақ арыстарының бірі – Мұстафа Шоқай. Ол Берлиндегі мына қорымда мәңгілікке тыныстап жатыр.  

 

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл кісі біраз жыл Францияда тұрды. Біздің бағдарламамыз бойынша, он шақты күннен кейін Францияда боламыз. Онда бұл кісінің әлі музейі жасалмай жатыр. Сонымен жастарға, бизнесмендерге айтар едім, егер қосылып, сол кісінің басына мұражай қойсақ, өйткені ол кісінің Францияда жалда тұрған көп үйлері бар. Сонда ол жастарға үлкен рухани жаңғыру болар еді.

«Бабалар ізімен» экспедициясымен Берлиндегі жергілікті тарихшылар арнайы кездесті. Олар қазақ пен немістің арғы аталары Ғұндар екенін, сондықтан бауырлас ұлтпыз дейді. Ал, ғұндардың Еуропада «Құдайдың қаһары» деп аталған патшасы Аттиланың есімі немістердің әдебиеті мен мәденитінде жиі кездеседі.

 

МЕНФРЕД НАВРОТ ТАРИХШЫ:

 - Біз осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Кеген ауданында ғұндарға қатысы бар қорған таптық. Ол пирамида тәріздес. Биіктігі 10 метрге дейін кетеді. Әзірге қазба жұмыстарын толық жүргізе алмадық. Бірақ, қазақ-неміс ғалымдары бірігіп бұл істі атқаруға болады деп сенемін.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Германиядағы сапарын аяқтап, Мажарстан еліне бет алды. Мұнда да біздің бабаларымызға қатысты тарихтың ашылмаған беті бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер