Дамудың жарқын үлгісіне айналған Қытай жетістіктерінің қыр-сыры. Елордада аспан асты елінің Төрағасы жазған «Ел басқару жөнінде» кітабы таныстырылды. Әлемде сұранысқа ие басылым енді қазақ тіліне де аударылып, оқырманға жол тартты. Си Цзиньпин еңбегінде отанында жүргізіліп жатқан ішкі және сыртқы саясаты мен сәтті жүзеге асқан реформалар жайында кеңінен баяндайды. Сондай-ақ, туындыда Қытай көшбасшысының сөйлеген сөздері, сұқбаттары, баяндамалары, оқыған дәрістері, құттықтау хаттары жинақталған.

 

БАҚЫТБЕК ТОҚТАСЫНҰЛЫ, «ҰЛТТАР БАСПАСЫ» ҚАЗАҚ РЕДАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Осы баста біздің ойлағанымыз, екі ел басшыларының кітаптары арқылы екі мемлекетте жүріп жатқан саясаттар, реформалар, жаңарулар, жаңғыртулардың бәрі бір-біріне түсінікті, бірін-бірі білуге, тануға, бүгінгі дүниежүзінің жаһанданып жатқан кезінде үлкен ынтымақтастығымыз, тату көршілігіміз ұзағынан болып, екі ел бақытты өмір сүруіне үлкен септігін тигізеді деген ойдамын.

Кітап – Қытай экономикасының құжаттық деректерінің қайнар көзі. Барлық материалдар 18 тарауға бөлініп, хронологиялық тәртіппен ұсынылған. Сарапшылардың пайымдауынша, танымдық еңбек  ғалымдардың мемлекеттік жаңғырту саласындағы зерттеулері үшін тың серпіліс жасамақ.  

 

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Бұл кітапта Қытайдың бүгінгі жүріп келе жатқан жолы туралы, келешекте қандай бағытта дамитыны туралы жақсы ақпарат берілген. Себебі, бүгінде Қытай әлем назарын өзіне баурап отыр. Қытайдың экономикалық даму бағыты, үлкен жетістіктері, Қытайдың сыртқы саясатта белсенді болуы бүгінде әлем назарын өзіне аударып отыр. Сондықтан меніңше бұл кітап оқырмандар үшін қызықты болады.

 

Бұған дейін  кітап әлемнің 25 тіліне аударылыпты.  Басылымның  қазақ тіліндегі нұсқасы 2 мың данамен жарық көрді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер