Американың EXPO-2017 көрмесіне арналған ұлттық павильоны Вашингтонда таныстырылды. АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің орынбасары Лиза Кертис өз сөзінде әлемдік аренадағы Қазақстанның жетекші рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ көрмеге қатыса отырып, Халықаралық көрмелер бюросына мүшелікке кезекті рет қабылданады. Яғни, Астанада өтетін EXPO-2017 шарасы елдерді біріктіріп қана қоймай, алдағы уақытта да Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың дамуына оң ықпал етпек. Америкалық ұлттық павильонның негізгі тақырыбы «таусылмайтын қуат көзі» мен «инновация» тұжырымдамасына негізделген.

 

ДЖОШ УОЛКЕР, АҚШ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Соңғы айларда Астанаға бірнеше рет барып, керемет әсер алдым. Аз уақыттың ішінде америкалық павильонның қалай салынып жатқанына куә болдым. Керемет екен. Жаңғыртуға қатысты реформалардың барлығы адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ғана құрылмаған, сонымен қатар, үкімет пен кәсіпкерлер арасындағы байланысқа да негізделген. Астанаға баратынымызға өте қуаныштымыз. Онда бүкіл әлем барады. Бәрі бізге қосылып, бұл кереметті өз көздерімен көреді деген үміттеміз.

 

Бейжіңде де Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Астана EXPO көрмесіндегі павильоны таныстырылды. Бас хатшы Рашид Алимовтың айтуынша, ұйым өз тарихында алғаш рет халықаралық көрмеге қатысқалы отыр. Сондықтан елордада өтетін маңызды шараға үлкен жауапкершілікпен дайындалған. EXPO-2017 көрмесі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті қарсаңында басталуы да айтулы тарихи оқиғаның мәні мен мазмұнын айшықтай түседі. Шанхай алтылығының, салмақты сегіздікке айналып, Үндістан мен Пәкісттанның мүшелікке кіретін тарихи сәті де Астана халықаралық көрмесімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан  «Болашақтың энергиясы» тақырыбы «Шанхай рухы» ұстанымымен барынша үйлеседі, дейді Бас хатшы. Ал көрме аясындағы негізгі шара тамыздың 27-сінде өтетін «Шанхай марафоны» болмақ. 

 

РАШИД АЛИМОВ, ШЫҰ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Алғаш рет осындай павильон ұсынылып отыр. Шақырту берген Қазақстан Үкіметіне, алдымен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа рахмет айтамыз. Біздің павильон 357 шаршы метр, Қытай, Үндістан, Малайзия және Алжир сияқты елдермен көрші орналасқан. Осының өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан біз жақсылап дайындалдық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер