Жасанды кейіпкерлер, шынайы драматургия. Бішкекте Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қуыршақ театрларының фестивалі өтті. Шараға Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің өнер ұжымдары қатысты. Алматының мемлекеттік қуыршақ театры белгілі орыс жазушысы Антон Чеховтың шығармасына негізделген «Каштанка» пьесасын қойды.

 

БОЛАТ МОМЫНЖАНОВ, АЛМАТЫ ҚУЫРШАҚТАР ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

 - Оның мінезі ауыр емес, керісінше өте жұмсақ. Әрбір адам өзіне үйреншіксіз жерге тап болғанда, өзін қолайсыз сезінетіні белгілі. Әңгімедегі басты кейіпкер де қожайыны ауысқанда дәл сондай жағдайға тап болады.

 

Фестиваль Кеңес дәуірінде қуыршақ өнерінің негізін қалаушылардың бірі – Виктор ШвЕмбергердің 150 жылдығына орай ұйымдастырылды.  Ол қуыршақтар драматургиясының маңыздылығын үнемі айтатын. Оның бұл пікірінің дұрыстығын балалардың қойылымнан кейінгі көңіл-күйінен-ақ аңғаруға болады.

Ал украиналық балғындар Қазақстан елордасындағы көрікті ғимараттардың көшірмелерін жасады. Хазірет Сұлтан мешіті, «Шабыт» сарайы, Ұлттық кітапхана, Ақорда мен Бәйтерек. Киевтегі №180-ші балабақшаның тәрбиеленушілерінің бұл жұмыстары «Әлем қалалары» байқауына ұсынылыпты. Балабақшада  қай елдің астанасын тұрғызу туралы көп ойланбаған. Таңдау бірден Астанаға түсіпті. Себебі, бөбектердің арасында Қайсар есімді қазақтың баласы бар. Және бақша ғимараты Қазақстан елшілігімен көршілес орналасқан, әрі жақсы қарым-қатынас орнаған.

 

ЕЛЕНА ОНОФРИЙЧУК, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:

 - Біз Қазақстан елшілігіне экскурсияға барғанбыз. Онда түрлі кітаптар мен суреттер және бейнежазбалар көрсетті. Осыдан кейін балалармен нені және қалай құрастыратынымызды таңдап, талқылап алдық.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай байқаулар балалардың ой-өрісін дамытады. Жалпы, бұл көрмеде 21 ел астаналарының макеттері ұсынылды. Олардың барлығын бүлдіршіндер жасаған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер