4-ші шілде күні ЕХРО-2017 көрмесінің аясында АҚШ өзінің ұлттық күнін өткізеді. Бұл туралы Төтенше және өкілетті елші Джордж Крол хабарлады. Дипломаттың айтуынша, қазір америкалық мамандар шараға қарқынды дайындық жүргізіп жатыр. 10 шақты ірі компания болашақ энергиясы тақырыбында инновациялық жобалар әзірлеп, халыққа паш етпек. Сондай-ақ, шетелдіктер мәдени бағдарламасын ұсынады. Келушілерді ұлттық билерімен және музыкасымен таныстырмақ. Павильонды дайындау үшін Америка үкіметі,, бюджеттен ақша бөлген жоқ. Бүкіл шығынды жеке компаниялар мойындарына алған. Джордж Крол АҚШ павильоны барлық қонақтың көңілінен шығатынына сенімді.

 

ДЖОРДЖ КРОЛ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚШ ЕЛШІСІ:

 - Америкадан Қазақстанға ЕХРО көрмесін көруге келетін туристер таң қалады деп ойлаймын. Себебі Астана аз уақыттың ішінде әдемі әрі дамыған қалаға айналды. Шараның тақырыбы «Болашақ энергиясы» болғанына қуаныштымыз. Өйткені қазір біз Қазақстанда осы саланы дамытуға қомақты инвестиция құйып жатырмыз. Ал болашақта ауыл шаруашылығы, білім беру, ақпараттық технологиялар және ұлттық дизайн бағыттары бойынша ынтымақтастығымызды нығайтуды көздеп отырмыз.

 

Ал немістер біздің елде өтетін ЕХРО қонақтарын елден ерек қайран қалдырамыз деп қауырт қамданып жатыр. Федеративтік Республиканың Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаэльдің айтуынша, олардың көрме алаңы көлемі  жағынан ең үлкен павильондардың бірі болмақ. Ауқымды нысан бірнеше алаңқайға бөлінген. Мәселен, бірінші залда әлем картасы көпшілік назарына ұсынылады. Бұдан бөлек,, ұйымдастырушылар қонақтарға арнайы электронды кілт таратпақ. Сол арқылы кез келген экспонат туралы мәлімет алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, павильонның бір бөлігінде дүкендер ашылады. Онда келушілерге немістің ұлттық тағамдары ұсынылады. Естелік ретінде сатылатын кәдесыйлар да көп болмақ.

 

АНДРЕАС ХОРБЕЛЬТ, ГЕРМАНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КРЕАТИВТІ ДИРЕКТОРЫ:

 - Германия ЕХРО алаңындағы ең үлкен павильонның біріне ие. Сондықтан нысанды  барынша тартымды әрі көпке пайдалы етіп дайындауға тырысып жатырмыз. Өйткені, «Болашақтың энергиясы» тақырыбы біздің ел үшін де маңызды. Германия соңғы 20 жылда энерготиімділік, қоршаған ортаны қорғау саласындағы күрделі мәселелердің күрмеуін шешуге ат салысып келеді. Астанада өтетін ауқымды шараға айрықша ынта-ықылас білдіруіміздің бір себебі осы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер