Тұрақты даму мәселелері Қытай астанасында кеңінен талқыланды. «Бір белдеу, бір жол» форумында 100 мемлекет әріптестікті нығайтудың тетіктерін қарастырды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысып, жиынды жылдың ең айшықты шарасына балады. Бұл туралы Елбасы Қытай төрағасымен екіжақты кездесуде мәлім етті.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бір белдеу, бір жол» аймақтық деңгейде ғана емес, құрлықтық дәрежедегі ынтымақтастықтың жаңа түрін ұсынып отыр. Белдеуге жер бетіндегі халықтың 45 пайызын қамтитын 60 мемлекеттің қатысуы оның маңыздылығын айтпай-ақ көрсетеді. Қазақстан мен Қытайдың көпжақты ынтымақтастығы өзгелерге үлгі бола алады.

Тараптар өзара ынтымақтастық мәселелерін ортаға салды. Өз сөзінде Си Цзиньпин «Нұрлы жол» бағдарламасының сәтті жүзеге асуын тілге тиек етті. Еліміздің аталған бағдарламасын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен өзара байланыстыру қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр. Биыл екіжақты сауда 30%-ға артты.

 

СИ ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

 - Жібек жолы Экономикалық белдеуі бастамасы Қазақстанда ұсынылған. Өткен жылы Сіздер «Үлкен жиырмалық» көшбасшыларының саммитіне қатысу үшін Ханчжоу қаласына келдіңіздер. Онда біз бірқатар мәселелерде түсіністікке қол жеткізіп, өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша тереңнен пікір алмастық. Біздің уағдаластығымыз іске асырылып жатқанын қуана айтқым келеді.

 

Ұлы жібек жолын жаңғырту жан-жақты қолдау тапты. Сауда, интеграция, барлық елдердің әлеуетін арттырып, көлік-логистикалық жүйе қалыртастыру – түпкі мақсат. Бұл бастама аясында 6 бағыт бойынша көлік дәліздерін құру ұсынылды. Оның екеуі Қазақстан арқылы өтеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер