Берлинде өткен халықаралық форумда Еуропа Одағы мен Еуразиялық экономикалық одақтың әріптестігі жөнінде сөз болды. Әсіресе, сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі көтеріліп, әлемнің әр түкпіріндегі қарулы қақтығыстардың Батыс пен Шығыс арасын алыстатпауы керектігі айтылды. Ал жиынға қатысқан қазақстандық делегация елімізде инвесторларға жасалатын жеңілдіктер мен қолайлы бизнес климат жайында айтты. Бұған қоса, Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ерлан Қайыров бастаған топ германиялық ірі концерндердің басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді.

 

АСХАТ БЕЙСЕНБАЕВ, «KAZAKH INVEST» АҚ АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз германиялық компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, елге шеттен инвестиция тарту мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Ең бастысы – екінші тараптың қызығушылығы жоғары. Жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түспекпіз.

 

РАЙНЕР ЛИНДНЕР, SCHAEFFLER GROUP БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Еуроодақ пен Еуразиялық экономикалық одақ өкілдері бас қосып, түрлі тақырыптарда ой алмасатын алаң құрдық. Меніңше, осындай диалогтың орнағаны маңызды. Соның ішінде, Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығын ерекше атап өткім келеді. Біздің байланысымыздың әлеуеті зор деп білемін.

 

Сондай-ақ, еліміз Араб әмірліктерімен серіктестікті әрі қарай дамытпақ. Масдар институтының ректоры Бехжат әл-Юсуфпен кездескен мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова араб өңіріндегі әйелдер істері және технологиялар орталығымен бірге іс-шаралар ұйымдастыру мәселесін талқылады.

 

ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

 - Биыл екі ел арасындағы диломатиялық  қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы жылдар аралығында біз көптеген тәжірибе жинақтадық. Бұл жетістіктер әріптестіктің жаңа кезеңінде арадағы ынтымақтастықтың одан әрі дами түсуіне жол ашады деген сенімдемін.

 

Бехжат әл-Юсуф елімізге сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді. Жасыл экономика саласындағы әріптестікті дамыту мәселесін пысықтады. Қазақстандық жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп жасыл технологияға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізудің жай-жапсарын талқылады.

 

БЕХЖАТ ӘЛ-ЮСУФ, МАСДАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ /БАӘ/:

 - «Экспо-2017» көрмесі кезінде жасыл технологиялар саласындағы жетістіктерімізді паш етеміз. Біздің жобалар әлі де зерттеліп жатыр. Кейбірін сынақтан өткізуіміз керек. Астанада өтетін көрме кезінде әлем халқының барлығы бірдей қолдана алатын жобаларды ұсынамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер