Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне белсенді түрде араласып келеді. Біздің делегация Ұлыбританияның төрағалығымен қақтығыстар жағдайындағы адамдар саудасына арналған министрлік деңгейіндегі ашық пікірталасқа қатысты. Осылайша, еліміз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту бағытындағы іс-қимылын ширата түсті.

Қазақстанның бейбіт бастамаларын әлем елдері үнемі қолдап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйым мінберінен жасаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлі де ел аузында. Ыстамбұлда бас қосқан Түркия стратегиялық зерттеу орталықтарының сарапшы-мамандары, белгілі ғалымдары мен дипломаттары аталған құжатты талқылады. Олар ресми Астананың ұлттар ұйымы шеңберінде күн тәртібіне шығарған жаһандық қарусыздану, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы бірыңғай әлемдік желі құру ұсыныстарына кеңінен тоқталды.

ӨМЕР АКСУ, ЫСТАМБҰЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ

- Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын қуана қабыл алдық. Бұл мәртебелі міндет әлбетте, Қазақстан Президентінің жоғары беделі мен жаһандық мәселелерді реттеудегі маңызды бастамаларына берілген оң баға деп есептеймін. Өйткені Қазақстанды бүгінгі таңда күллі әлем антиядролық қозғалыстың көшбасы елі ретінде жақсы біледі. Сондықтан осы іргелі ұйымның аясында Қазақ елі күн тәртібінде тұрған халықаралық терроризммен күресте үнқатысып, ядролық арсеналға иелік еткен алпауыт елдерді зұлмат қаруды таратпауға шақырып отыр. Меніңше, Қазақстанның бұл өзекті ұсыныстарын Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі емес өзге мемлекеттер де барынша қолдау білдірулері тиіс.

Оңтүстік Кореяның Хангук университетінің халықаралық құқық профессоры Чо Джонг Хённің айтуынша, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне күрделі кезеңде сайланып отыр. Себебі  Иран мен Солтүстік  Кореяның  ядролық қаруды, ал Сирияда химиялық қаруды қолдану қаупі үдеп тұр. Ал Еуропа мен АҚШ-та босқындар түйткілі  белең алып барады.  Қазақстан осы мәселелер бойынша өз  ұстанымын білдіруі тиіс, дейді профессор.

ЧО ДЖОНГ ХЁН, ХАНГУК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ /КОРЕЯ/ 

- Қазір БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Солтүстік Кореядағы ядролық қару мен адам құқықтарын сақтау мәселелері талқыланып жатыр. Қазақстан осы ахуалдың жақсаруына ықпал етіп, қос Кореяның арасындағы қарым-қатынастардың реттелуіне себепкер болады деп үміттенеміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер