Қыш құмыра жасау – атакәсіп.  Кезінде бабаларымыздың күнделікті тұрмыстық салтының ажырамас бөлігі болған бұл мұраны бүгінде қайырымды ұрпақ жетілдіріп, түрлендіріп келеді. Араға жылдар салып қазақтың төл құрақшылық өнері заманауи рең алғанымен, мазмұны баз баяғы қалпында сақталып, мән-мағынасын жоғалтқан жоқ.  Бұған еліміздің бас қаласы Астананың төрінде қанат жайған көрмеде көз жеткізуге болады.  Онда дәстүрлі әдіспен жасалған қыш құмыралардың сан алуан түрі қойылған.

 

Ғалия БӘКІРЛАНОВА, СУРЕТ ГАЛЕРЕЯСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінде қыш шеберлерінің жұмыстары күнделікті тұрмыста пайдаланылатын ыдыстан бұрын, көздің жауын алатын қайталанбас сәндік қолданбалы өнер туындыларына айналды. Әсіресе, заманауи қыш құмыралары республикалық, халықаралық  көрмелер мен мұражайларда орын теуіп, көпшіліктің назарына ұсынылып жүргені  қуантады.

 

Ардақ Отарбаев қыш құмыра өнерінің жілігін шағып, майын ішкен хас шебер. Ол сүйікті ісіне жан-тәнімен берілетінін айтады. Ұлттық нақышта қолынан туған әр жұмысы - ішкі жан дүниесінің тебіренісі мен қиялынан шыққан өзіне бөлек қайталанбас туынды. Қыш шеберінің көздегені ұлттық дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылу.

 

Ардақ ОТАРБАЕВ, ҚЫШ ШЕБЕРІ:

Неліктен көрмеге «Салт-дәстүрді сақтай отырып...» деген атау берілді?Бұл - біздің ғасырлар бойы үзілмей келетін қанмен берілетін төл өнеріміз. Қазақтың төл дәстүрін насихаттау керек. Бұны біздің ізімізді басқан, басатын жастар білуі керек. Қыш өнері жайында біліп қана қоймай, оның дәстүрлі әдісін үйреніп алса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұндағы әр туындыдағы суреттің   өзіндік сыры жатқан  тарихы бар.

 

Көрме «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігі мен «Астана» Ұлттық сурет галереясының мұрындық болуымен ашылды. «Салт-дәстүрді сақтай отырып...» деп аталған игі шара Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері саласындағы шығармашылық ынтымақтастықтың жақсы дәстүріне айналды, дейді ұйымдастырушылар.

 

Ғалия БӘКІРЛАНОВА, СУРЕТ ГАЛЕРЕЯСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

«ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы айналасына мүмкіндігі шектеулі адамдарды жиған. Шығармашылық топта жарымжан жандарды қыш шеберлері осы өнерге машықтап, қыр-сырына үйретеді. Жалпы бұндай үйірмелердің есігі қыш құмыра өнерін меңгерем деген кез-келген азаматтарға ашық.   

 

Көрмеге келушілер қолданбалы өнер туындыларын тамашалап қана қоймай, мамандардың шеберлік сабақтарына қатысып өз қолдарымен қыш құмыра жасау мүмкіндігін алды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер