Ұлттық  мұражай қабырғасында қанат жайған көрмеге итальяндық мозаика мектебі шеберлерінің қолтаңбасы бар еңбектері қойылған. Мұнда әлем мәдениетінің алтын қорына енген қайта өрлеу дәуірі кезеңіне тән мәнермен жасалған мозаика үлгілермен қатар, бүгінгі тірліктің айнасы іспетті технологиялық әдіспен  жетілдірілген  туындыларды тамашалауға болады.

 

Ренцо ФРАНЧЕСКОНИ, СПИЛИНБЕРГ  КОММУНАСЫНЫҢ МЭРІ /ИТАЛИЯ/:

Мозаика өнерінің сан алуан әдіс-тәсілдері бар. Мазмұнындада шектеу жоқ. Негізінен абстракциялық, модерн ағымдарындағы жұмыстарымыз көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Біздің мектеп шеберлері көне дәстүрді жастарға насихаттау үшін заманауи мүмкіндіктерді жиі пайдалана бастады. Бірқатар еңбек  3Д форматында әзірленген.  

 

Мозайка құрастыру сонау Мысыр перғауындары заманында пайда болғанымен, кейін Италия мәдениетімен біте қайнасып, жергілікті халық өнерінің ажырамас бөлігіне айналды.  Онда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында  б.з.б. 4 – 1 ғасырларға тән мозаика шығармаларының тамаша үлгілері табылған. Тарих сақшылары жер бетіне шығарған көненің көзіне жататын монументті-сән өнері жәдігерлерінің баламасы қазақ жеріндегі  тарихи ескерткіштерді әрлеуде қолданылғаны белгілі. 

 

Тоғжан ӘДІЛБЕКОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

Түркістан қаласында тұрғызылған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде мозайка кеңінен пайдаланылған. Тәжірибелі сарапшылар бұл кесененің құрылысымен жергілікті аумақта сәулет өнерінің шарықтауын байланыстырып отыр. Сондай-ақ Айша Бибі кесенесінің құрылысының сыры да әлі күнге дейін толық ашылмаған. Бүгінде бұл кесенелердің  баламасы жоқ.  

 

Осылайша төрткүл дүниені таңдай қақтыртып аузына қаратқан жергілікті құрылысшылардың бүгінгі ұрпағы сол балауса  өнерді қайта жандандыруды көздеп отыр.  Оның  негізі мозайка жасаудың дәстүрін  сақтай білген  Италия мектебі шеберлерінің қолында жатыр, дейді мамандар. Бүгінде бірқатар қазақстандық жас Спилинберг қаласындағы білім ошағында сурет-бейне жапсырудың қыр сырын меңгеруде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер